Алматы облысының спортшылары – Азия ойындарында Қазақстан намысын қорғайды

Алматы облысының спортшылары алдағы Азия ойындарында ел намысын қорғауға дайын. Құрлықтың басты спорттық додаларының бірі саналатын Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында, Жапония елінде Айчи-Нагоя қаласында өтеді. Байрақты бәсекеде Қазақстан Республикасының ұлттық құрама сапында Алматы облысының бірқатар үздік спортшылары өнер көрсетеді.
Азия ойындары – спортшылар үшін үлкен жауапкершілік пен зор мүмкіндіктер алаңы. Бұл жарыста әрбір спортшы өз шеберлігін көрсетіп қана қоймай, Қазақстанның көк туын биікте желбіретуге бар күшін салады.
Биыл Алматы облысының спортшылары спорттың бірнеше түрінен ел намысын қорғайды. Атап айтқанда, дзюдо спортынан 73 келіге дейінгі салмақта Бахитжан Абдурахманов, ал 78 келі салмақта Екатерина Токарева татамиге шығады.
Грек-рим күресінен 77 келі салмақта Жадраев Демеу, ал еркін күрестен 125 келі салмақта Едіге Қасымбек Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетеді.
Таеквондодан +87 келі салмақта Бейбарыс Қабылан ел намысын қорғаса, джиу-джитсудан 63 келі салмақта Мариан Журавлева, 48 келі салмақта Райхан Абдуллаева жарыс жолына шығады.
Су спорт түрлерінен, атап айтқанда байдарка мен каноэде ескек есуден, Алматы облысының атынан Игорь Рященцев бақ сынайды.
Желкенді спортта еліміздің намысын Владимир Щанкин мен Яна Белозёрова қорғамақ.
Ал садақ атудан Қазақстан құрамасы сапында Мұса Ділмұхаммед өнер көрсетеді.
Бұл спортшылардың әрқайсысы – бірнеше жылдық тынымсыз еңбектің, жаттығудың және жоғары спорттық шеберліктің нәтижесінде Азия ойындарына жолдама алған спортшылар. Олардың халықаралық аренадағы әрбір жеңісі Алматы облысы спортының ғана емес, тұтас Қазақстан спортының абыройын асқақтатары сөзсіз.
Алматы облысы спортшыларының Азия ойындарына қатысуы – өңірдегі балалар мен жасөспірімдер спортының дамып келе жатқанының айқын көрсеткіші. Бүгінде жас спортшылар үшін елдің үздік атлеттері үлкен үлгі болып, оларды биік мақсаттарға ұмтылуға жігерлендіруде.
Алда – үлкен дода, үлкен жауапкершілік. Алматы облысының спортшыларына сәттілік тілейміз!
Ел үмітін арқалаған спортшыларымызға сәтті өнер көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне тілектеспіз. Көк Туымыз көкке көтеріліп, Әнұранымыз Азия төрінде шырқалсын!
Алға, Қазақстан! Алға, Алматы облысының спортшылары!

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke