2026 жылғы 4-7 қыркүйек аралығында Ақтөбе қаласында таеквондодан 21 жасқа дейінгі спортшылар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Елдің түкпір-түкпірінен келген мықты спортшылар бас қосқан дүбірлі дода жастар арасындағы әлем чемпионатына іріктеу болып табылады!
Жарыс барысында спортшылар өздерінің шеберлігін, төзімділігін және жеңіске деген жігерін көрсетіп, жоғары нәтиже үшін бақ сынады. Чемпионатта Алматы облысының намысын қорғаған ОЖСШМ спортшылары жақсы нәтиже көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді.
46 келі салмақ дәрежесінде Желеу Ақбота қола жүлдеге ие болып, чемпионаттың III орын иегері атанды.
Ал 53 келі салмақ дәрежесінде Касымова Сабина мен Максутова Дана жүлделі орындарға қол жеткізді. Касымова Сабина барлық қарсыластарынан басым түсіп, чемпионаттың жеңімпазы атанып, I орынға ие болды. Ал Максутова Дана III орын алып, қола медальді қанжығасына байлады.
Жас таеквондошыларды жарысқа жаттықтырушылары Қыстаубаев Дархан және Нурмухамедов Нариман дайындады.
Аталған чемпионаттың маңыздылығы – жүлдегер спортшылардың жастар арасындағы Әлем чемпионатына қатысу үшін ұлттық құрама сапына іріктеуге мүмкіндік алуы. Сондықтан Ақтөбедегі дода жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе мектебі әрі халықаралық аренаға бастар маңызды қадам болды.
Алматы облысының спортшылары мен олардың бапкерлерін жоғары нәтижелерімен құттықтаймыз! Алда өтетін жарыстарда сәттілік тілеп, еліміздің көк туын халықаралық аренада биікке көтеруін тілейміз!

