Сұхбат беруші – Динара Әлібекқызы
– Динара Әлібекқызы, Департамент тарапынан азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылаудың негізгі бағыттарының бірі.
Департаментке келіп түсетін әрбір өтініш тек формальды түрде қаралмайды. Азаматтың келтірген уәждері зерделеніп, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі, белгіленген мерзімдердің сақталуы, қабылданған шешімнің заңдылығы мен негізділігі, сондай-ақ қызмет көрсетуші органның іс-әрекеттері жан-жақты тексеріледі.
Мұндағы негізгі мақсат – бұзушылықты анықтау ғана емес, оның себептерін жою, азаматтардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған нақты шаралар қабылдау және осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу.
Осы тоқсанда қаралған өтініштердің ішінде әлеуметтік көмек көрсету және көші-қон саласындағы мемлекеттік қызметке қатысты екі жағдайға ерекше тоқталуға болады.
– Бірінші жағдай атаулы әлеуметтік көмекке қатысты екен. Осы өтінішті қарау кезінде қандай мән-жайлар анықталды?
– Азамат атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартудың заңдылығына қатысты шағымданған.
Өтінішті қарау барысында аудан әкімінің аппараты мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар жөніндегі уәкілетті органнан қажетті құжаттар мен материалдар сұратылды. Атап айтқанда, АӘК тағайындауға берілген өтініш, отбасының материалдық жағдайын тексеру актісі, комиссияның қорытындысы, ақпараттық жүйелердегі мәліметтер және өзге де материалдар зерделенді.
Қарау нәтижесінде отбасының материалдық жағдайын бағалау кезінде бірқатар мән-жайлардың толық әрі объективті түрде зерттелмегені анықталды.
Мәселен, комиссия отбасының көрсетілген мекенжайда тұрмайтыны туралы қорытынды жасаған. Алайда бұл тұжырымды растайтын тиісті объективті құжаттық дәлелдер болмаған.
Ал комиссияның алғашқы барған кезінде азаматтың үйде болмауы оның аталған мекенжайда тұрмайтынын өздігінен білдірмейді. Себебі кейіннен қайта зерделеу жүргізіліп, азамат комиссия мүшелерін қабылдаған.
Сонымен бірге отбасының нақты әлеуметтік-материалдық жағдайын бағалау кезінде барлық маңызды мән-жайларға тиісті деңгейде баға берілмеген.
– Комиссияның жұмысына қатысты да мәселелер болғанын айтып өттіңіз. Бұл туралы толығырақ айтып берсеңіз.
– Иә. Тексеру барысында комиссия құрамына қатысты рәсімдік мәселе де анықталды.
Комиссияның бекітілген құрамында жеті адам болған. Алайда отбасының материалдық жағдайын алғашқы зерделеу кезінде комиссия құрамының барлық мүшелері қатыспаған, тек екі адам барған.
Мемлекеттік қызмет көрсету барысында мұндай рәсімдердің сақталуы өте маңызды. Себебі комиссияның қорытындысы нақты жүргізілген зерделеуге және белгіленген тәртіпке сәйкес қабылдануға тиіс.
Сондықтан комиссияның нақты қатысуы, тексеру нәтижелерін қарауы және қабылданған қорытындының заң талаптарына сәйкестігіне тиісті баға берілді.
– Осы өтініш бойынша азаматтың уәждері толық расталды ма?
– Өтінішті қарау нәтижесінде азаматтың келтірген уәждерінің бір бөлігі негізді деп танылды.
Атап айтқанда, отбасының тұрғын үй-жайда тұрмайтыны туралы қорытындыны растайтын жеткілікті объективті дәлелдердің болмауы, отбасының материалдық жағдайын толық бағаламау, сондай-ақ тексеру рәсіміне қатысты мәселелер анықталды.
Осыған байланысты анықталған бұзушылықтарды жою, азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған шаралар қабылдау және атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы өтінішті қолданыстағы заңнама талаптарын ескере отырып қайта қарау жөнінде тиісті шаралар қабылдау көзделді.
– Екінші өтініш көші-қон саласына қатысты. Бұл іс бойынша қандай бұзушылықтар анықталды?
– Екінші өтініш шетелдік азаматқа Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты болды.
Аталған өтініш бойынша Департамент тарапынан жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында көші-қон қызметі бөлімінің мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін сақтауы, құжаттарды қабылдау барысы және мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері зерделенді.
Тексеру нәтижесінде азамат құжаттарын алғаш ұсынған кезде олар қайтарылғанымен, құжаттарды қабылдаудан бас тартудың нақты себептері тиісті жазбаша түрде көрсетілмегені анықталды.
Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсету үшін құжаттардың толық топтамасы кейін қабылданғаннан кейін белгіленген мерзім сақталмаған.
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, бұл мемлекеттік қызметтің көрсету мерзімі 45 күнтізбелік күнді құрайды. Алайда нақты жағдайда қызмет көрсету мерзімі 35 күнтізбелік күнге бұзылған.
Бұл – қызмет алушының мемлекеттік қызметті белгіленген мерзімде алу құқығының бұзылғанын көрсетеді.
– Департамент бұл жағдайда қандай шаралар қабылдады?
– Анықталған бұзушылықтар бойынша тексеру жүргізіліп, оның нәтижелері тиісті органға жолданды.
Атап айтқанда, бұзушылықтарды жою, қызмет алушының бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған шаралар қабылдау, сондай-ақ алдағы уақытта осындай жағдайларға жол бермеу жөнінде тиісті шаралар қабылдау қажеттігі көрсетілді.
Сонымен қатар лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру және тәртіптік жауапкершілік мәселесін қарау қажеттілігі назарға алынды.
Бұл ретте мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту болған жағдайда азаматқа оның нақты әрі заңды негіздері көрсетілген уәжді шешім ұсынылуға тиіс. Қызмет алушыға ауызша түсініктеме беріп, құжаттарын қайтару мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін тиісті түрде рәсімдеуді алмастыра алмайды.
– Осы екі өтінішті біріктіретін қандай ортақ мәселе бар?
– Екі жағдай әртүрлі саланы қамтығанымен, ортақ мәселе – мемлекеттік қызмет көрсету кезінде заң талаптары мен белгіленген рәсімдерді қатаң сақтау қажеттілігі.
АӘК бойынша отбасының нақты әлеуметтік-материалдық жағдайы толық әрі объективті бағалануға тиіс болса, көші-қон саласында қызмет көрсету мерзімі, құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызмет нәтижесін рәсімдеу тәртібі сақталуы қажет.
Яғни кез келген жағдайда мемлекеттік органның шешімі нақты фактілерге, қолданыстағы заңнамаға және объективті мәліметтерге негізделуі керек.
– Азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жұмысының негізгі маңызы неде деп ойлайсыз?
– Мемлекеттік қызмет – мемлекет пен азамат арасындағы күнделікті өзара байланыстың маңызды бөлігі.
Азамат мемлекеттік органға жүгінген кезде оның өтініші заң талаптарына сәйкес қаралуын, шешімнің негізді болуын және мемлекеттік қызметтің белгіленген мерзімде көрсетілуін күтуге құқылы.
Сондықтан мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылаудың түпкі мақсаты – тек бұзушылықты анықтап, жауапты тұлғаны белгілеу емес. Ең бастысы – азаматтың бұзылған құқығын қалпына келтіруге нақты жағдай жасау, анықталған кемшіліктерді жою және олардың қайталануына жол бермеу.
Біздің басты ұстанымымыз – әрбір азаматтың құқығы заңмен қорғалуға тиіс, ал мемлекеттік қызмет заң талаптарына сәйкес, сапалы және уақтылы көрсетілуі керек.
– Азаматтарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Егер азамат мемлекеттік қызмет көрсету барысында оның құқықтары бұзылды деп есептесе, ол заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.
Өз құқығын қорғау үшін азамат мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне, сұратылған құжаттарға, қабылданған шешімнің негізділігіне және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесінің тиісті түрде рәсімделуіне назар аударғаны жөн.
Әрбір шағым – мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін кері байланыс. Сондықтан азаматтардың өтініштері арқылы анықталған проблемалар тиісті деңгейде қаралып, олардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуі қажет.

