Жаңа оқу жылы басталған тұста мектепке асыққан бала үшін ең маңыздысы – білім ордасына аман жетіп, сабақтан кейін үйіне қауіпсіз оралу. Ал бұл қауіпсіздік тек оқушының өзіне емес, мектеп маңындағы жолдың жағдайына, жаяу жүргіншілер өткеліне, жол белгілеріне, жарықтандыруға және жүргізушілердің тәртібіне тікелей байланысты. Қонаевта жаңа оқу жылы басталды. Таңертең мектепке қарай ағылған оқушылар, оларды көлікпен жеткізетін ата-аналар және қаланың күнделікті көлік ағыны бір мезетте мектеп маңындағы көшелерге жиналады. Осы уақытта жаяу жүргінші мен автокөлік арасындағы қауіпсіз арақашықтықтың маңызы арта түседі. Алматы облысының полициясы тамыз айында «Назар аударыңыз, балалар!» профилактикалық акциясы кезінде білім беру ұйымдарының маңындағы бақылауды күшейткенін хабарлады. Полиция жүргізушілерге мектептер маңындағы жылдамдық режимін сақтауды ескерткен.
Қонаев қаласында бірнеше ірі мектеп шағынаудандардың ішінде орналасқан. Олардың қатарында Д.А.Қонаев атындағы №1 қазақ орта мектебі, №2, №3, Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектеп, Ахмет Жұбанов атындағы №5 орта мектеп және Қазақ орта мектеп-лицейі бар. Қалалық әкімдіктің жариялаған деректерінде №1 мектептің 4-шағынауданда, Қазақ мектеп-лицейінің 10-шағынауданда, ал №5 мектеп 5-шағынауданда орналасқан.
Бұл нысандардың орналасқан жері мектеп маңындағы жол қозғалысын ұйымдастырудың маңызын арттырады. Себебі оқушылардың негізгі бөлігі мектепке жаяу келеді, ал ата-аналардың бір бөлігі баласын автокөлікпен жеткізеді. Сабақ басталар алдындағы және сабақ аяқталғаннан кейінгі минуттарда көлік пен жаяу жүргінші ағыны қатар көбейеді.
Қонаевтағы жол қауіпсіздігі мәселесі жаңа көтеріліп отырған жоқ. Бұған дейінгі қалалық мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардың маңына арнайы қауіпсіздік құралдары орнатылған. 2022 жылы жарияланған мәлімет бойынша Алматы облысы аумағында 1106 жол белгісі орнатылған, оның 874-і Қонаев қаласына тиесілі болған. Сонымен бірге Қонаев өңіріндегі мектептер мен мектепке дейінгі мекемелер маңына 36 ақпараттық панно және 38 жасанды оқушы бейнесі қойылған. Қаланың өзінде 20 панно мен 20 жасанды оқушы макеті болған.
Қонаевтың жол қауіпсіздігіне әсер ететін тағы бір фактор – қалаға кіріп-шығатын көлік ағыны. «ҚазАвтоЖол» мәліметтеріне сүйенген жарияланымға сәйкес, 2026 жылдың алғашқы жеті айында Алматы – Қонаев ақылы жолында 7 149 537 көлік өтуі тіркелген. Бұл тәулігіне орта есеппен 33,7 мыңға жуық көлік деген сөз. Әрине, бұл көрсеткіш мектеп маңындағы көлік санын білдірмейді. Бірақ ол Қонаев бағытының көлік жүктемесі жоғары екенін көрсететін маңызды индикатор. Қала ішіндегі жол қозғалысын ұйымдастыру кезінде сырттан келетін және қалаға шығатын көлік ағынын да ескеру қажет.
2026 жылға арналған қала жоспарында да жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған бес жоба мемлекеттік сараптамаға ұсынылатыны айтылған. Қала жолдарында ағымдағы және шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізілуі жоспарланған.
Бұл жұмыстар жолдың жалпы жағдайын жақсартуға бағытталғанымен, мектеп маңындағы қауіпсіздік бөлек бақылауды қажет етеді. Себебі жаңа асфальттың өзі жаяу жүргінші өткелі дұрыс белгіленбесе немесе жарық жеткіліксіз болса, баланың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алмайды. Мысалы, мектептен шыққан оқушы бірден жол жиегіне түсіп кетпеуі керек. Жаяу жүргінші жолы үзілмеуі, өткелге апаратын бағыт түсінікті болуы және көліктің баланы ерте байқап, жылдамдығын төмендетуіне мүмкіндік беретін жағдай жасалуы қажет. Бұл тұрғыда жасанды жол кедергілері, «Балалар» ескерту белгілері, жылдамдықты шектеу белгілері, жарықтандырылған өткелдер және жол таңбасының анық көрінуі шешуші рөл атқарады. Қазақстанның қолданыстағы жол қозғалысы жүйесінде «Балалар» ескерту белгісі балалардың жол бөлігіне күтпеген жерден шығуы мүмкін учаскелерді белгілеуге арналған.
Мектеп маңындағы жол қауіпсіздігі мәселесіне қатысты Қонаев қаласы полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Төлепбергенов Әбілғазы Сматұлы пікір білдірді.
Төлепбергенов Әбілғазы Сматұлының айтуынша, оқу жылы басталған кезде білім беру ұйымдарының маңындағы жол қозғалысына ерекше назар аударылады. Әсіресе сабақ басталар және аяқталар уақытта оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жүргізушілердің белгіленген жылдамдық режимін сақтауын бақылау және жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту тәртібін қадағалау маңызды.
«Мектеп маңындағы жол қауіпсіздігі – полицияның ғана емес, ата-аналардың, мектеп әкімшілігінің және жүргізушілердің ортақ жауапкершілігі. Оқу жылы басталған кезеңде балалардың қозғалысы көбейетіндіктен, білім беру ұйымдарының айналасындағы жол жағдайына ерекше көңіл бөлінеді. Қажет болған жағдайда жол белгілерін жаңарту, жаяу жүргіншілер өткелдерін ретке келтіру, жарықтандыру және жасанды жол кедергілерін орнату бойынша тиісті мекемелерге ұсыныстар беріледі», – деді Төлепбергенов Әбілғазы Сматұлы.
Полиция өкілінің сөзінше, мектеп маңында белгіленген жылдамдықты сақтау – жол апатының алдын алудағы негізгі талаптардың бірі. Себебі бала жолға күтпеген жерден шығып кеткен жағдайда жүргізушінің көлікті дер кезінде тоқтатуы оның жылдамдығына тікелей байланысты.
«Ата-аналардан және мектеп әкімшілігінен келіп түсетін ұсыныстар мен шағымдар да назардан тыс қалмайды. Қауіпті деп танылған учаскелер зерделеніп, жол қозғалысын ұйымдастыруға жауапты мемлекеттік органдарға тиісті ұсыныстар енгізіледі. Сонымен қатар оқу жылының алғашқы кезеңінде мектептерге жақын аумақтарда профилактикалық және түсіндіру жұмыстары күшейтіледі».
Полиция мен жергілікті атқарушы органдар үшін ата-аналардың өтініштері де маңызды ақпарат көзі бола алады. Себебі жол апаты болмағанымен, күн сайын қауіп төндіретін учаскелер болуы мүмкін.
Қонаевта мектеп маңындағы жол қауіпсіздігіне қатысты басты міндет – апат болғаннан кейін әрекет ету емес, қауіпті жағдайды алдын ала анықтап, оның алдын алу. Баланың мектепке қауіпсіз барып-қайтуы үшін жол белгісі де, өткел де, жарық та, жүргізушінің жауапкершілігі де бірдей маңызды.
Шолпан Аралқызы

