Сыбайлас жемқорлық туралы сөз болғанда, көп жағдайда оның салдарына көбірек мән береміз. Қылмыстық жауапкершілік, жаза, тергеу — бұлардың барлығы заң бұзушылық орын алғаннан кейінгі шаралар. Ал шын мәнінде, ең тиімді жолы — сол жағдайға жеткізбеу.
Меніңше, сыбайлас жемқорлықпен күрестегі ең маңызды мәселенің бірі де осы — алдын алу.
Қазақстанда бұл бағытта нақты құқықтық тетік қалыптасқан. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу, тәуекелдерді анықтау және жою, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мүдделер қақтығысын болдырмау сияқты және басқа да маңызды шаралар көзделген.
Бірақ кез келген заңның тиімділігі оны күнделікті жұмыста қалай қолданатынымызға байланысты.
Мысалы, мемлекеттік органда қандай да бір рәсім азаматқа түсініксіз болса, қызметкердің шешім қабылдау мүмкіндігі шамадан тыс кең болса немесе белгілі бір мәселе бойынша нақты тәртіп қалыптаспаған болса — мұның бәрі тәуекелге әкелуі мүмкін.
Сондықтан сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау — жай ғана есеп үшін жүргізілетін жұмыс емес. Оның негізгі мақсаты — мәселені құқық бұзушылыққа айналмай тұрып анықтау.
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес ішкі талдау кезінде мемлекеттік қызмет көрсету, персоналды басқару, мүдделер қақтығысын реттеу, рұқсат беру және бақылау функциялары, бюджет қаражатын пайдалану, шарттар жасасу, ақпараттық жүйелерді пайдалану сияқты бағыттарға назар аударылады. 2026 жылғы тамызда бұл қағидаларға да бірқатар өзгерістер енгізілді.
Бұл жерде бір нәрсені түсіну маңызды: тәуекелдің анықталуы — белгілі бір қызметкер міндетті түрде заң бұзды деген сөз емес. Бұл — жүйеде назар аударуды қажет ететін мәселе бар деген белгі.
Сондықтан әрбір мемлекеттік орган өз қызметіне сырт көзбен қарай білуі керек. «Бізде бәрі дұрыс» деген ұстанымның орнына «қай жерде жақсартуға болады?» деген сұрақ қойылғаны жөн.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу — бір ғана бөлімнің немесе жауапты қызметкердің міндеті емес. Бұл — басшыдан бастап әрбір мемлекеттік қызметшіге дейінгі ортақ жауапкершілік.
Өйткені мемлекеттік қызметтегі адалдық үлкен сөздерден емес, күнделікті қабылданатын қарапайым шешімдерден басталады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы – Ділмұрат Сайфуллаұлы Сунатиллаев

