2026 жылғы 8 қыркүйек күні Алматы облысы Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Талғар ауданында діни экстремизм мен радикализмнің алдын алуға бағытталған ауқымды ақпараттық түсіндіру іс шаралары өтті.
Атап айтқанда, дінтанушы әрі АТТ мүшесі Әліп Тұрсынғали ауданға қарасты бірнеше білім беру мекемелерінде болып, кәмелетке толмаған жасөспірімдермен кездесті. Ол Бесағаш ауылындағы «№29 орта мектебінде», сондай ақ Бірлік ауылындағы «№35 гимназия мектебінде» және Қызылқайрат ауылындағы «№19 гимназия мектебінде» оқушыларға діни сауаттылық пен дәстүрлі құндылықтардың маңызын түсіндірді. Іс-шаралар барысында өскелең ұрпақты теріс пиғылды діни ағымдардың ықпалынан сақтау мәселелері кеңінен талқыланды.

Өз кезегінде дінтанушы, АТТ мүшесі Берикбаев Елнар қала жастарымен және басқа да тұрғындармен мазмұнды сұхбат құрды. Маман «Талғар агробизнес және менеджмент колледжі» мен «Талғар политехникалық колледжінде» студенттерге арнайы дәріс оқыды. Түсіндіру жұмыстары мұнымен шектелмей, қоғамның әртүрлі топтарын да қамтыды. Дінтанушы Талғар қаласындағы «Халыққа қызмет көрсету орталығында» еңбек мигранттарымен кездессе, автобекет жанындағы уақытша жұмыссыз азаматтардың көкейтесті сұрақтарына жауаптар берді. Шара барысында халық көп шоғырланатын сауда орындары да назардан тыс қалмады. Бұдан бөлек, дәріскер Талғар қаласындағы «Орталық» базары мен Бесағаш ауылындағы «Болатбай» базарына арнайы барып, өзін өзі жұмыспен қамтыған саудагерлермен еркін форматта тілдесті.

Кездесулер барысында мамандар діни радикализм мен экстремизмнің қоғамға тигізер зиянына ерекше тоқталды. Олар жат ағымдардың адам санасын улап, отбасылық құндылықтар мен мемлекеттің тұтастығына, елдің ішкі тұрақтылығына қаншалықты қауіп төндіретінін түсіндірді. Әсіресе, теріс пиғылды ұйымдардың арбауына көбінесе діни сауаты төмен жастар мен әлеуметтік осал топтардың ілігетіні айтылып, ғаламтор мен әлеуметтік желілердегі күмәнді уағыздардан сақ болу қажеттілігі қатаң ескертілді. Діни білімді тек ресми әрі сенімді көздерден алу керектігіне баса назар аударылды.

Жалпы саны 600-ге жуық адамды қамтыған бұл кездесулерге қатысушылар көтерілген тақырыптарға үлкен қызығушылық танытып, мамандардың сөзін зейін қоя тыңдады. Тұрғындар мен жастар өздерін мазалаған діни мәселелер бойынша мамандармен емін еркін пікір алмасуға мүмкіндік алды.

