25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты 2026 жылғы 25 қыркүйекті Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы тиісті өкімге қол қойды.

Жалпыұлттық аза тұту Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери қызметшілердің қазаға ұшырауына байланысты жарияланып отыр.

Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болды. Алдын ала мәлімет бойынша, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 9 әскери қызметшінің қаза тапқаны расталды. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жеткізілген. Қалған әскери қызметшілерді іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ Үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап, марқұмдардың отбасыларына көмек көрсетуді тапсырды.

Оқиғаның себептерін тергеп-тексеру үшін арнайы Үкіметтік комиссия құрылды. Сонымен қатар Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Арнайы жедел-тергеу тобы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke