Кітап оқығанның ойы озық

Қазіргі таңда елімізде өтіп жатқан «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны – өте жақсы бастама. Мен ардагер оқырман ретінде бұл шараның маңызы зор деп есептеймін. Өйткені кітап оқу – адамның білімін арттырып, ой-өрісін кеңейтетін пайдалы әдет.

Менің ойымша, кітап – адамның жақсы досы. Кітап оқыған сайын жаңа нәрсе үйренесің, өмірден көрген-білгеніңді салыстырып, ой түйесің. Әсіресе, қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын оқудың берері мол. Олардың туындыларынан халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін, адамгершілік пен адалдықты үйренеміз.

Бұрынғы кезде де үлкендеріміз кітапты қадірлеп, жастарды білімге шақырып отырған. Қазір заман өзгерді, түрлі ақпарат көздері көбейді. Дегенмен кітаптың орны бөлек деп ойлаймын. Себебі кітапты асықпай оқып, әр сөзіне мән беріп, өзіңе керекті ойды аласың.

«Кітап оқитын ұлт» марафонының тағы бір жақсы жағы – жастарды кітап оқуға қызықтыруы. Жастарымыздың қолына кітап алып, бос уақытын пайдалы өткізіп жүргенін көрсек, қуанамыз. Бүгінгі жас – ертеңгі ел болашағы. Сондықтан олардың білімді, тәрбиелі, ойы терең азамат болып өсуіне бәріміз де үлес қосуымыз керек.

Ардагер ретінде айтарым, кітап оқуды тек осындай марафон кезінде ғана емес, күнделікті әдетке айналдырған дұрыс. Әр ата-ана баласына кітап оқудың пайдасын айтып қана қоймай, өзі де үлгі көрсетсе, оның тәрбиелік мәні зор болмақ. Ал кітапханаларға жиі барып, жақсы шығармаларды бірге талқылау да оқуға деген қызығушылықты арттырады.

Мен барша оқырманды, әсіресе жастарды кітап оқуға шақырамын. Кітап оқуға ешқашан кеш емес. Жасымыз ұлғайса да, оқып-үйренуден жалықпауымыз керек. Өйткені кітап адамның жан дүниесін байытып, өмірге деген көзқарасын жақсартады.

Кітап оқитын ұлттың болашағы жарқын. Ендеше, кітапты сүйейік, оқуды әдетке айналдырайық!

Іле аудандық кітапханасының белсенді оқырманы, Іле аудандық Ақсақалдар алқасының төрағасы Сейдалиев Мақсат

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke