ТӘУЕЛСІЗДІККЕ – 35 ЖЫЛ: ЖАҢА БЕЛЕС, ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ

Шеңгелді ауылында патриоттық әндер байқауы өтті

11 қараша күні Шеңгелді ауылының Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 35 жыл: жаңа белес – жарқын болашақ» атты патриоттық әндер байқауы өтті.

«Шеңгелді ауылының мәдениет үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны ұйымдастырған өнер додасының мақсаты – жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухты қалыптастыру, ұлттық өнерді дәріптеу және жас таланттардың шығармашылық қабілетін шыңдау.

Байқауға Шеңгелді ауылдық округіне қарасты білім беру ұйымдарының оқушылары қатысты. Сахна төріне шыққан жас өнерпаздар туған жер, Отан, Тәуелсіздік пен ел бірлігі тақырыбындағы әндерді орындап, өздерінің дауыс мүмкіндігі мен сахналық шеберлігін танытты. Әрбір қатысушы ән арқылы елге деген сүйіспеншілігін жеткізуге тырысты.

Өнерпаздардың өнеріне Қонаев қаласы Мәдениет үйінің әншісі, «Қонаев әуендері» ансамблінің жетекшісі, Қонаев жастар театрының әртісі, республикалық және халықаралық ән байқауларының лауреаты Бекболат Сағадиев, 54179 әскери бөлімінің аға маманы, аға телеграфист, әнші Динара Сердалықызы Дүйсенова және Қонаев қаласы кітапханасының кітап қорын ұйымдастыру және пайдалану бөлімінің меңгерушісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Даража Нұрланқызы Жолымбетова қазылық етті.

Қазылар алқасы қатысушылардың дауыс ерекшелігіне, орындаушылық шеберлігіне, сахна мәдениетіне, таңдаған әнінің мазмұны мен оны көрерменге жеткізе білуіне назар аударды. Байқау қорытындысында өнерімен ерекшеленген жас әншілер жүлделі орындардан көрінді.

Бас жүлде мен 50 мың теңгелік ақшалай сертификатты Кербұлақ ауылындағы №7 орта мектептің оқушысы Айбек Ертас жеңіп алды. Жетекшісі – Оңдасын Нұрлыбекұлы Шарап.

Бірінші орын және 40 мың теңгелік ақшалай сертификат Шеңгелді ауылындағы Өнер мектебінің оқушысы Айзере Бекетке берілді. Жетекшісі – Айгүл Алибаевна Рахимбаева.

Екінші орын мен 30 мың теңгелік ақшалай сертификатқа осы өнер мектебінің оқушысы Інжу Көпжасар лайық деп танылды. Оның да жетекшісі – Айгүл Алибаевна Рахимбаева.

Үшінші орын және 20 мың теңгелік ақшалай сертификат №7 орта мектептің оқушысы Жания Манатқа табысталды. Жетекшісі – Оңдасын Нұрлыбекұлы Шарап.

Сонымен қатар Жасмин Қасымбекова, Хафиза Қайратқызы және Бегімай Жапар ынталандыру номинацияларымен марапатталды.

Байқауға қатысқан барлық жас өнерпазға белсенділігі, өнерге деген құштарлығы мен шығармашылық ізденісі үшін Алғыс хаттар табысталып, әрқайсысына 5 мың теңгелік ақшалай сертификат берілді. Шәкірттерін өнер додасына дайындап, олардың шығармашылық дамуына үлес қосқан жетекшілер де арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.

Патриоттық ән – ел тарихын, халықтың арман-мұратын және туған жерге деген сүйіспеншілікті әуен арқылы жеткізетін рухани құндылық. Сондықтан мұндай байқаулар жас ұрпақтың ұлттық өнерге қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың бойына елдік сана мен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіреді.

Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған өнер додасы Шеңгелді ауылындағы талантты жастардың басын қосып, олардың үлкен сахнаға ұмтылысына жол ашты. Байқауда жеңіске жеткен және белсенділік танытқан жас өнерпаздарға шығармашылық табыс тілейміз. Жас таланттардың өнері өрге жүзіп, еліміздің мәдениеті мен руханиятының дамуына үлес қоса берсін!

Толқын ЖҰПАРБЕКҚЫЗЫ, 
Шеңгелді ауылы Мәдениет үйінің басшысы

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke