ЗАҢ МЕН ТӘРТІПТІҢ РӨЛІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Заң мен тәртіп – елдің тыныштығы мен қоғамның қауіпсіздігінің кепілі. Заң – қоғамның темірқазығы, тәртіп – елдің берекесі. Заң үстемдік құрған жерде әділдік орнап, тәртіп болған жерде тұрақтылық сақталады. «Тәртіпке бағынған құл болмайды,  тәртіпсіз ел болмайды» деп Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай,  «Заң мен Тәртіп» қағидаты Қонаев қаласында  заңға бағынуды әр азаматтың өмірлік ұстанымы мен мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналдыруды көздейтін, маңызды идеологиялық бастамаға айналды. Қонаев қалалық кітапханасында өткен «Зерделі ұлт» жобасы аясында «Заң мен тәртіп: құқық алаңы» атты заң talks – соның айқын дәлелі.  Мақсаты – құқықтық мәдениетті қалыптастыру, жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру және қоғамдағы заң мен тәртіптің рөлін талқылау. Қонаев қалалық полиция басқармасының полиция майоры Асылжан Коржибаев, Қонаев қалалық полиция басқармасының полиция лейтенанты Дамир Капаров, Қонаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Абылайхан Мұстафа, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы, этно-дизайнер және қоғам қайраткері Аршагүл Тойбай, Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі Алғабек Хамитұлы құрметті қонақ ретінде қатысты.

Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасы мен Қонаев қалалық кітапханасы бірлесіп ұйымдастырған шараға қатысушылар алдымен инсталляциялық кітап көрмесімен танысты. Алғашқы сөз кезегін алған Қонаев қалалық полиция басқармасының полиция майоры Асылжан Коржибаев «Заң мен Тәртіп» қағидатының заңға бағынуды міндет ретінде емес, әр азаматтың өмірлік ұстанымы мен мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналдыруды көздейтінін баса айтты. Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында  қалада жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар жайын сөзіне арқау еткен полиция майоры  жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ерекше назар аударылып, сарапшылардың, заңгерлердің, психологтардың, наркологтардың және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен көптеген іс-шаралар ұйымдастырылғанын атап өтті. Сонымен бірге заң талаптарын сақтау, жеке жауапкершілік, интернет қауіпсіздігі, есірткі қылмыстарының алдын алу және қаржылық алаяқтыққа қарсы қорғану мәселелерін кеңінен түсіндірді.

Одан кейін Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы, этно-дизайнер Аршагүл Тойбай сөз алып, «Заң мен Тәртіп» қағидатын кеңінен насихаттау үшін өңірде ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін нығайтуға ықпал ететініне баршаның назарын аударды. Жасөспірімдерге құқықтық мәдениетті мектеп қабырғасынан бастап қадыптастырудың маңызына тоқталған жазушы жастарды заңды  құрметтеуге шақырды.  

Келесі кезекте облыстық орталық әмбебап кітапханасының бөлім меңгерушісі Алғабек Хамитұлы отбасы тәрбиесі жөнінде сөз қозғап, жастарды зиянды әдеттерден қорғау жайлы ой бөлісті.

Жай ғана жиын емес, ойлануға, пікір алмасуға, білім сынауға және құқықтық мәдениетті  қалыптастыруға арналған үлкен алаң саналған шара «Заң және қоғам» атты дебатқа жалғасты. Пікірсайыс мәресіне жеткен соң, «Ой-дария» дебат клубының президенті Жансулу Дуйсенбай бүгінгі қоғамда өз ойын еркін жеткізе алатын, дәлелді сөйлейтін, сыни тұрғыдан ойлайтын жастардың орны ерекше екенін, дебат – тек пікірталас алаңы емес, ойды жүйелеуге, өз көзқарасын қорғауға және өзгенің пікірін құрметтеуге үйрететін орта екенін тілге тиек етті.

Қалалық Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектебіндегі  Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Жас сақшы» сыныптарының тәрбиеленушілері бірқатар маңызды сұрақтарды талқылауға абелсене атсалысты. «Жас сақшылар», «Заң алдында кімдер тең?»,  «Құқық дегеніміз не?»  «Қазақстан Республикасының Конституциясы неше бөлім мен неше баптан тұрады?»,  «Қай жастан бастап жасөспірімдердің еңбекке араласуға құқығы бар?», «Заң бойынша бала деп кімді атайды?»,  «Биліктің үш тармағы деген не?», «Қандай әрекет вандализм деп есептеледі?» – деген және тағы басқа көптеген сауалдарға мүдірмей жауап беріп, құқықтық сауаттылықтарын паш етті.

Шараға белсене қатысып, өз ойларын еркін жеткізіп, пікірталас барысында білімдері мен шешендік қабілеттерін танытқан оқушылар марапатталды. Оқушылардың белсенділігі мен ізденісі  олардың азаматтық ұстанымы мен құқықтық мәдениетінің көрінісі екені сөзсіз.

«Заң және тәртіп: құқық алаңы» атты заң talks шарасы №2 орта мектептің оқушысы Медина Пірмұхамедтің орындауындағы  «Қазақстаным – Отаным» атты патриоттық әнмен өз мәресіне жетті.  

Іңкәр ИСАЕВА,
Қонаев қалалық кітапханасының бөлім меңгерушісі

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke