«БІРГЕ ОҚИЫҚ»: ЫБЫРАЙ МҰРАСЫ ЖАС ОҚЫРМАНДАРМЕН ҚАУЫШТЫ

Қонаев қалалық кітапханасында «Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында қазақтың ұлы ағартушысы, педагог-жазушы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орай «Бірге оқиық» атты республикалық әдеби акция өтті. Еліміздің барлық өңірінде бір мезгілде ұйымдастырылған тағылымды бастама жас оқырмандарды ағартушының өмір жолымен, әдеби мұрасымен және халқына сіңірген еңбегімен тереңірек таныстыруды көздеді.

Әдеби акцияға Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназиясының, №3 орта мектептің және Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектептің оқушылары мен ұстаздары қатысты. Кітапханаға жиналған балалар бұл күні Ыбырай шығармаларын оқып қана қоймай, ондағы өнегелі ойларды талқылап, өз пікірлерін ортаға салды.

Ыбырай Алтынсарин – қазақ даласында білім шырағын жағып, балаларды оқу мен өнерге үндеген ұлы тұлға. Оның ағартушылық қызметі мектеп ашумен ғана шектелген жоқ. Ол ана тілінде оқулық жазып, жас ұрпақтың түсінігіне жақын тәрбиелік әңгімелер мен өлеңдер арқылы білімнің, адал еңбектің, мейірімділік пен адамгершіліктің маңызын түсіндірді. Сондықтан ағартушының мұрасы арада қанша уақыт өтсе де өзінің тәрбиелік құндылығын жоғалтқан емес.

Шара барысында кітапхана қызметкерлері оқушыларға Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен ағартушылық қызметі туралы әңгімеледі. Оның қазақ даласында зайырлы білім беру ісін қалыптастыруға қосқан үлесі, мектептер ашуы, оқулықтар құрастыруы және балалар әдебиетінің дамуына жасаған ықпалы кеңінен таныстырылды.

Балалар педагог-жазушының «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар», «Әке мен бала», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Мейірімді бала», «Таза бұлақ» және басқа да шығармалары туралы мәлімет алды. Бұл туындылардың әрқайсысында жас оқырманға ой салатын өмірлік сабақ бар. Бірі білімге шақырса, енді бірі еңбектің қадірін түсіндіреді. Кей шығармаларында мейірімділік пен қарапайымдылық дәріптелсе, басқаларында жалқаулық пен мақтаншақтықтың зияны көрсетіледі.

Әсіресе, Ыбырайдың:

Бір Құдайға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық! –

деген өлең жолдары бірнеше буын қазақ баласын білімге үндеп келеді. Осы қарапайым әрі мағыналы сөздер бүгінгі жас ұрпақ үшін де өзекті. Өйткені заман өзгергенімен, білімге ұмтылу, еңбектену және іздену адамды биікке жетелейтін басты құндылық болып қала береді.

Әдеби акцияның танымдық бөлімінде «Ойлан, тап!» атты сұрақ-жауап ұйымдастырылды. Оқушылар Ыбырай Алтынсариннің туған жері, білім алған ортасы, ағартушылық қызметі, ашқан мектептері мен әдеби шығармаларына қатысты сауалдарға жауап берді. Қатысушылар ұлы ұстаздың өмірі мен мұрасы жөніндегі білімдерін көрсетіп, белсенділік танытты.

Сұрақ-жауап кезеңі балалардың алған мәліметін пысықтап қана қоймай, олардың ойлау, есте сақтау және өз ойын еркін жеткізу қабілетін дамытуға мүмкіндік берді. Әрбір дұрыс жауаптан кейін кітапхана қызметкерлері қосымша дерек келтіріп, ағартушының өміріндегі маңызды оқиғаларды түсіндіріп отырды.

Шараның негізгі бөлігінде Ыбырай Алтынсариннің «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесі дауыстап оқылды. Шығарманы кітапханашылар, мұғалімдер мен оқушылар кезектесіп оқып, ортақ әдеби кеңістік қалыптастырды. Дауыстап оқу тәсілі балаларға мәтін мазмұнын тереңірек түсініп, кейіпкерлердің әрекетіне назар аударуға мүмкіндік берді.

«Қыпшақ Сейітқұл» – адал еңбек пен ұйымшылдықтың адам өмірін өзгерте алатынын көрсететін тағылымды шығарма. Әңгімедегі Сейітқұл дайын байлыққа қызықпайды. Ол халықты бір жерге жинап, егін егуге, кәсіп етуге және бейбіт еңбекпен күн көруге үндейді. Табандылық пен ақылдың арқасында жұрттың жағдайы жақсарып, елді мекен көркейе бастайды.

Шығарма оқылғаннан кейін оқушылар кейіпкерлердің іс-әрекетін талқылап, Сейітқұлдың бойындағы қасиеттерге өз бағаларын берді. Балалар оның еңбекқорлығын, іскерлігін, алға қойған мақсатына беріктігін және айналасындағы адамдарды ортақ іске жұмылдыра білуін ерекше атады. Әңгіменің мазмұнын толық түсіндіру мақсатында оқушылар назарына «Қыпшақ Сейітқұл» шығармасы бойынша түсірілген мультфильм де ұсынылды.

Мәтінді оқу мен мультфильмді көрудің қатар жүргізілуі балаларға шығарманы әр қырынан қабылдауға көмектесті. Оқушылар кітаптағы оқиға мен экрандағы көріністі салыстырып, кейіпкерлердің мінезі мен шешімдерін талдады. Осылайша әдеби туынды жай ғана оқылып қоймай, пікір алмасуға негіз болған мазмұнды материалға айналды.

«Егер мен Сейітқұл болсам…» атты ой бөлісу кезеңінде оқушылар өздерін шығарма кейіпкерінің орнына қойып көрді. Бірі ауыл тұрғындарын ортақ еңбекке шақыратынын айтса, енді бірі елді мекенді көркейтіп, ағаш отырғызуға, тазалық сақтауға және мұқтаж адамдарға көмектесуге көңіл бөлетінін жеткізді. Балалар кәсіп үйрену, еңбек ету, білім алу және туған жерге пайда келтіру туралы ойларын ортаға салды.

Оқушылардың жауаптарынан олар әңгіменің негізгі идеясын дұрыс түсінгені байқалды. Сейітқұлдың өнегесі – тек егін егіп, кәсіп бастауда емес. Оның басты қасиеті – қиындыққа мойымай, өз еңбегіне сеніп, айналасындағы жұртты берекелі іске біріктіре білуінде. Бұл идея бүгінгі қоғам үшін де маңызды. Елді дамыту үлкен жобалардан ғана емес, әр адамның адал еңбегінен, жауапкершілігінен және ортақ іске қосқан үлесінен басталады.

Қонаев қалалық кітапханасының бөлім меңгерушісі Іңкәр Қайратқызы республикалық әдеби акцияның тәрбиелік мәніне тоқталды.

– Еліміз көлемінде бір мезгілде өтіп жатқан «Бірге оқиық» республикалық әдеби акциясының тәрбиелік маңызы зор. Бұл бастама оқушылардың Ыбырай Алтынсариннің бай әдеби мұрасымен танысып, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Акция аясында кітапханада әдеби-танымдық кездесу, кітап көрмесі, дауыстап оқу және оқырмандармен түрлі әдеби жүздесулер ұйымдастырылды. Балалар мен жасөспірімдерге «Таза бұлақ», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Қыпшақ Сейітқұл» сияқты шығармаларды таныстыруға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Өйткені бұлар – ұрпақты білімге, еңбекке, адамгершілік пен ізгілікке үндейтін баға жетпес рухани мұра. Өскелең ұрпақ – ел болашағы, ал кітап оқу – білімге бастайтын жол. Сондықтан барша оқырманды кітап оқып, рухани байлығын арттыруға шақырамыз, – деді ол.

Шынында да, Ыбырай Алтынсариннің шығармалары балаларға күрделі ұғымдарды қарапайым оқиға арқылы түсіндіреді. «Әке мен бала» еңбекті кейінге қалдырмауға үйретсе, «Бай баласы мен жарлы баласы» өмірге бейімділік пен еңбектің маңызын көрсетеді. «Мейірімді бала» адамға жанашыр болуға шақырса, «Таза бұлақ» әр адамды жүрегі мен ісін таза ұстауға үндейді.

Оның әңгімелерінде құрғақ ақыл айту жоқ. Жазушы кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы оқырманға таңдау ұсынады. Бала оқиғаны оқып отырып, қай әрекеттің дұрыс, қай әрекеттің бұрыс екенін өзі пайымдайды. Ыбырай шығармаларының өміршеңдігі де осында.

«Кітап оқитын ұлт» марафоны аясындағы әдеби акция кітапты дәріптеумен ғана шектелген жоқ. Шара оқушыларды бірге оқуға, оқығанын талқылауға, өз пікірін айтуға және өзгенің көзқарасын тыңдауға үйретті. Кітап оқу жеке адамның әрекеті болғанымен, шығарма туралы ортақ пікір алмасу оның мазмұнын тереңірек түсінуге жол ашады.

Баланың кітапқа қызығушылығы бір күнде қалыптаспайды. Ол үшін отбасында кітап оқуға жағдай жасалып, мектеп пен кітапхана бірлесе жұмыс істеуі қажет. Мұғалім бағыт берсе, кітапханашы баланың жасына және қызығушылығына сай шығарма ұсынады. Ал ата-ана баласымен бірге кітап оқып, мазмұнын талқыласа, оқу дағдысы тұрақты әдетке айналады.

Тағылымды шара соңында оқушылар мен оларды бастап келген мұғалімдер кітапхана қызметкерлерімен бірге естелік суретке түсті. Балалар кітапханадан ұлы ағартушы туралы жаңа мәлімет алып қана емес, оның шығармаларындағы еңбек, білім, бірлік пен ізгілік туралы ойларды көңілдеріне түйіп қайтты.

Ыбырай Алтынсарин жаққан білім шырағы әлі де ұрпақ жолын жарықтандырып келеді. Ұлы ұстаздың мұрасын оқу – өткен тарихты тану ғана емес, бүгінгі баланың бойына еңбекқорлық, адалдық, мейірімділік және білімге құштарлық қасиеттерін сіңіру. Ал кітаппен дос болған бала – ойын еркін жеткізетін, саналы шешім қабылдайтын және ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын азамат болып қалыптасады.

Аян ҚОНАРОВ

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke