«Қыс-2026»: Қонаевта қалалық қызметтердің қысқы төтенше жағдайларға дайындығы тексерілді

Қонаев қаласының аумағында «Қыс-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Оның негізгі мақсаты – қалалық қызметтердің қыс мезгілінде туындауы мүмкін төтенше жағдайларға жедел әрекет ету дайындығын тексеру және нысандардағы апаттар кезінде өзара іс-қимыл алгоритмін пысықтау.

Практикалық жаттығу «Жылу орталығы» ШЖҚ МКК аумағында ұйымдастырылды. Оқу-жаттығу сценарийі бойынша ауа температурасы күрт төмендеп, –25 °C-қа жеткен. Осы жағдайда қазандық жабдықтарының бірі шартты түрде өртеніп, жылу орталығының жұмысы ішінара тоқтаған. Соның салдарынан тұрғын үй кешендерінің біріне жылу беру үзіліп, нысан қызметкерлері арасында зардап шеккендер болған.

Шартты апатты жоюға қалалық азаматтық қорғау жүйесінің күштері мен құралдары жұмылдырылды. Олардың қатарында өрт сөндіру-құтқару бөлімшелері, медициналық, коммуналдық және авариялық қызметтер, сондай-ақ қала әкімдігінің өкілдері болды.

Өрт сөндірушілер оқиға орнын барлап, зардап шеккендерді іздеу және эвакуациялау, шартты өртті оқшаулау мен сөндіру жұмыстарын пысықтады. Медициналық қызмет мамандары зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсету және оларды қалалық ауруханаға жеткізу тәртібін көрсетті.

Оқу-жаттығудың жеке кезеңі жылумен жабдықтауды қалпына келтіруге арналды. Коммуналдық қызметтер зақымданған жабдықты тексеру, авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастыру және тұтынушыларға жылу беруді қайта іске қосу тәртібін пысықтады.

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де ерекше назар аударылды. Сценарий бойынша жылу беру тоқтаған жағдайда тұрғын үй кешенінің тұрғындары уақытша көмекке мұқтаж болған. Осыған байланысты қатысушылар халықты хабардар ету, эвакуациялау, әсіресе балаларды, қарттарды және қозғалысы шектеулі азаматтарды қауіпсіз жерге жеткізу шараларын пысықтады. Сонымен қатар демалуға арналған орындары, ыстық тамағы, ауыз суы және медициналық сүйемелдеуі бар мобильді жылыту пунктін ұйымдастыру қарастырылды.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke