Қоғамның өркендеуі білім беру жүйесінің сапасына тікелей байланысты. Экономиканың дамуы, ғылымның ілгерілеуі және халықтың әл-ауқаты өз саласын жетік меңгерген, кәсіби жауапкершілігі жоғары мамандардың еңбегімен ұштасады. Сондықтан Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсаты әр адамға сапалы білім алуға тең мүмкіндік беруді және өмір бойы білім алуға жағдай жасауды көздейді. Білімге қолжетімділік адамның қабілетін шыңдауына, мамандығын саналы таңдауына және қоғам өміріне белсенді қатысуына жол ашады.Елімізде білім беру жүйесін жаңғырту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Оқу бағдарламаларын жетілдіру, цифрлық технологияларды пайдалану және халықаралық тәжірибені ескеру білім сапасын арттыруға бағытталған. Бүгінгі еңбек нарығында маманның теориялық даярлығымен қатар ақпаратты талдай білуі, пікірін дәлелдеуі, жаңа технологияларды игеруі және кәсіби мәселелерді шеше алуы маңызды. Осыған орай оқу барысында студенттің өз бетінше ізденуіне, шығармашылық қабілетін дамытуына және меңгерген білімін тәжірибеде қолдануына баса мән беріледі.Осы міндеттерді жүзеге асыруда жоғары оқу орындарының рөлі айрықша. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздің жетекші білім және ғылым орталықтарының бірі ретінде білікті мамандар даярлауға, ғылыми зерттеулерді дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге үлес қосып келеді. Оқу бағдарламаларының мазмұнын жаңарту, академиялық адалдық қағидаларын орнықтыру, оқу үдерісіне цифрлық құралдарды енгізу және ғылыми зерттеу нәтижелерін тәжірибеде қолдану университет жұмысының маңызды бағыттарына жатады.
Академиялық ұтқырлық бағдарламалары студенттер мен оқытушыларға шетелдік жоғары оқу орындарында тәжірибе алмасуға, білім беру мен зерттеудің түрлі әдістерімен танысуға мүмкіндік береді. Халықаралық ортада білім алу студенттердің кәсіби көзқарасын кеңейтіп, өзге мәдениет өкілдерімен бірлесе жұмыс істеу дағдысын дамытады. Цифрлық платформалар мен электрондық кітапханалар оқу материалдарын пайдалануды жеңілдетеді. Ал зертханалар мен ғылыми орталықтар білім алушыларға зерттеу жұмыстарына қатысып, теориялық білімін тәжірибе жүзінде тексеруге жағдай жасайды.Университетте маман даярлаудың тәжірибелік қырына да көңіл бөлінеді. Мәселен, заң факультетінің студенттері заң клиникасының жұмысына қатысып, азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсету барысында дәрісте меңгерген білімін қолданады. Олар азаматтардың өтініштерін талдауды, құқықтық құжаттармен жұмыс істеуді және заң нормаларын түсінікті тілмен түсіндіруді үйренеді. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар болашақ заңгерлердің кәсіби жауапкершілігін қалыптастырып, түрлі адамдармен жұмыс істеу тәжірибесін кеңейтеді.
Сапалы білім беруде оқытушылардың кәсіби тәжірибесі мен ғылыми ізденісі ерекше орын алады. Ғылыми зерттеу нәтижелері оқу мазмұнына енгізілгенде, студенттер өз саласындағы жаңа бағыттармен танысып, зерттеу әдістерін меңгереді. Жас ғалымдарды қолдау, білім алушыларды ғылыми жобаларға тарту және зерттеу нәтижелерін жариялау ғылым мен оқытудың байланысын күшейтеді. Осындай ортада студент дереккөздерді сыни тұрғыдан бағалауға, дәлелдерді салыстыруға және өз тұжырымын ғылыми негіздеуге дағдыланады.Білімнің қолжетімділігі әр студенттің оқу және университет өміріне толыққанды қатысуына жасалған жағдайдан көрінеді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге қолайлы орта қалыптастыру, оқу материалдарына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және академиялық қолдау көрсету осы жұмыстың маңызды бөлігі саналады. Дәрістерге, ғылыми жобаларға және қоғамдық іс-шараларға қатысу мүмкіндігі білім алушылардың кәсіби және тұлғалық дамуына ықпал етеді.
Жоғары білімнің нәтижесі түлектің еңбек жолында да байқалады. Өндірістік тәжірибе мен жұмыс берушілермен әріптестік студентке таңдаған мамандығының талаптарын оқу кезінде түсінуге және кәсіби ортаға бейімделуге көмектеседі. Университет түлектері мемлекеттік қызметте, құқық қорғау органдарында, халықаралық ұйымдарда және жеке секторда еңбек етіп, оқу барысында қалыптасқан дағдыларын әртүрлі салада қолданып жүр.Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсатын жүзеге асыру білім беру ұйымдарының, жұмыс берушілердің және қоғамның бірлескен еңбегін қажет етеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оқыту мен ғылыми ізденісті ұштастыру, тәжірибеге бағытталған даярлықты жетілдіру және студенттерге тең мүмкіндік жасау арқылы осы міндеттің орындалуына үлес қосып келеді. Өз саласын жетік меңгерген, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін мамандар даярлау елдің зияткерлік әлеуетін нығайтып, ұзақ мерзімді дамуына негіз қалайды.
Атаханова Г.М.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының профессоры
Советхан Ш.Д.
Азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек қүқығы кафедрасының аға оқытушысы

