ҚазҰУ студенттерінің жарқын өмірі
Студенттік шақта жас адам болашақ мамандығын меңгеріп, өз қабілетін танып, өмірлік бағытын айқындайды. Осы жылдары жинаған тәжірибесі, араласқан ортасы мен қолға алған бастамалары оның тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жастар білім алумен қатар ғылымға, өнерге, спортқа және қоғамдық жұмысқа араласып, өз қызығушылығына сай бағыт таба алады.
Оқу ордасындағы студенттік клубтар мен ұйымдар жастардың бастамаларын жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Пікірсайыс клубында студент өз ойын жүйелі жеткізіп, көзқарасын дәлелдеуге үйренеді. Шығармашылық үйірмелерде өнерін шыңдаса, спорттық командаларда ортақ мақсатқа жұмылудың маңызын түсінеді. Ал еріктілер қозғалысына қатысу айналасындағы адамдардың қажетіне көңіл бөлуге және қоғамға пайдалы істерге үлес қосуға жол ашады.Жастардың азаматтық ұстанымы олардың қоғамдық бастамаларынан көрінеді. Университет студенттері қайырымдылық акцияларына, экологиялық жобаларға және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шараларға атсалысады. Осындай жұмыстар барысында олар қоғамдағы өзекті мәселелермен жақынырақ танысып, қолынан келетін көмекті көрсетуге ұмтылады. Бірлескен іске уақыт бөліп, өзіне жүктелген міндетті орындау студенттің жауапкершілігін арттырып, өзгелерге жанашырлықпен қарауына ықпал етеді.
Ғылыми ізденіс те студенттік өмірде маңызды орын алады. Білім алушылар ғылыми конференциялар мен форумдарда зерттеу нәтижелерін таныстырып, өз тұжырымдарын ортаға салады. Ғылыми жобаларға қатысу оларға дәрісте алған білімін қолдануға, деректерді талдауға және жаңа идеяларын сынап көруге мүмкіндік береді. Зерттеу барысында студент сұрақты нақты қоюға, дәлелдерге сүйеніп қорытынды жасауға және өз жұмысына қатысты пікірлерді ескеруге дағдыланады.Университетте өтетін концерттер, фестивальдер мен театр қойылымдары студенттердің шығармашылық қабілетін танытуына жол ашады. Бірі сахнада өнер көрсетсе, енді бірі қойылым әзірлеуге немесе мәдени кештің бағдарламасын жасауға атсалысады. Ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеуге арналған іс-шаралар жастардың рухани мұраға қызығушылығын арттырады. Спорттық жарыстар да студенттерді ортақ мақсатқа біріктіреді. Университет намысын қорғаған жастар денсаулығын нығайтып, командаластарын қолдауды және жарыс үстінде жауапкершілік танытуды үйренеді.Студенттік жылдар болашақ мамандықтың күнделікті жұмысымен танысуға да мүмкіндік береді. Заң, экономика, журналистика және өзге салаларда білім алып жүрген жастар өндірістік тәжірибе кезінде кәсіби ортаның талаптарын түсініп, теориялық білімін нақты міндеттерді шешуге қолданады. Осындай тәжірибе студентке өзінің қай бағытқа бейім екенін аңғаруға, кәсіби дағдыларын жетілдіруге және еңбек нарығына бейімделуге көмектеседі.
Студенттердің мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жүзеге асыратын жобалары олардың тәжірибесін кеңейтеді. Байқаулар мен гранттық жобаларға қатысқан жастар өз ұсынысын нақтылап, оны көпшілікке таныстыруға және іске асыруға мүмкіндік алады. Студенттік ұйымға жетекшілік ету немесе іс-шара ұйымдастыру барысында олар міндеттерді бөліп, команда жұмысын үйлестіруге дағдыланады. Әлеуметтік желілер арқылы бастамаларын таныстырып, қатысушылармен байланыс орнатады және атқарылған жұмыстардың нәтижесін көпшілікпен бөліседі.
ҚазҰУ студенттерінің жарқын өмірі өз қызығушылығына сай орта тауып, сол ортада бастама көтеруінен көрінеді. Ғылыми жобада, шығармашылық ұжымда немесе қоғамдық жұмыста жинаған тәжірибесі жастардың кәсіби бағытын айқындап, ортақ іске жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді. Университет қабырғасында қалыптасқан осы қасиеттер түлектерге таңдаған саласында еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосуға негіз болады.
Атаханова Г.М.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының профессоры
Советхан Ш.Д.
Азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек қүқығы кафедрасының аға оқытушысы

