Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтуде. Бүгін Алматы облысында 1 056 474 адам өз таңдауын жасай алады, оның ішінде кәмілет жасына толған 8 296 азамат алғаш рет сайлауда дауыс беру құқығына ие болды. Айта кетейік, өңірде таңғы 7:00-ден бастап 683 сайлау учаскесі өз жұмысын бастады.
Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданындағы №123 сайлау учаскесінде Мемлекеттік Әнұран орындалған соң дауыс беру басталды. Учаскеге алғашқылардың бірі болып Есік қаласының құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұман Мыкыбаев келді. 66 жастағы зейнеткер дауыс берер алдында жиналған қауымға ақ батасын беріп, барша тұрғынды ел өміріндегі маңызды науқанда белсенділік танытып, өз таңдауын жасауға шақырды.

«Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Бүгінгі таңдауымыз өңіріміздің дамуына, келер ұрпақтың жарқын болашағына жол ашсын. Баршаңызға бірлік пен береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін», – деді қария.

Облыстағы барлық сайлау учаскесі қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етілген және дауыс беруді өткізуге дайын. Бақылаушылардың, сенім білдірілген адамдардың және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуы үшін барлық қажетті жағдай жасалды.
Сайлау процесінің қолжетімділігіне ерекше назар аударылды. Айта кетейік, өңірде 2 318 ерекше қажеттілігі бар сайлаушы дауыс беруге қатыса алады. Сайлау учаскелерінде дауыс беруге арналған арнайы кабиналар, пандустар, тактильді көрсеткіштер және қолжетімді ақпараттық материалдар қарастырылған. Денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне өздігінен келе алмайтын азаматтар үшін заңнамаға сәйкес дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс, тұрғылықты жері бойынша дауыс беру мүмкіндігі қамтамасыз етілген.
Сайлау күніне дейін өңір тұрғындарына 1 миллионнан астам шақыру қағазы таратылды. Сайлау учаскелері заңнамада белгіленген уақытқа сәйкес жұмыс істейді. Осылайша, Алматы облысының тұрғындары өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланып, мәслихат депутаттарын сайлауда өз таңдауын жасай алады.
Алматы облысының ӨКҚ

