Айжан Абраимованы Еңбек адамы, бүгінгінің батыры десек, артық етпейді. Ол – Қонаев қаласындағы аутизм спектрі және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған жалғыз түзету орталығын ашқан ана.
«Өзім ерекше бала тәрбиелеп отырмын. Менің баламнан басқа, Қонаевта аутист диагнозы қойылған бүлдіршіндер өте көп. Сондықтан оларға көмек беру үшін түзету-дамыту орталығын ашуды жөн көрдім. Алдымен ақша жинап, 3 бөлмелі пәтер сатып алдым. Кейіннен Мансап орталығы ұсынған мемлекеттік гранттың конкурсына қатысып, көмек алдым. Сөйтіп, орталықтың іргесін қаладым», – дейді Айжан.

Орталықта емдік массаж, жаттығу жасату, нейропсихологтың көмегі, логопедпен жұмыс жасау секілді қызметтер көрсетіледі.
«Қазір бізге 12 бала тегін, 17 бала ақылы түрде келеді. Орталықта әлеуметтік осал топтан шыққан 4 ана, 2 мүгедектігі бар адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Оларды бұған дейін ешкім жұмысқа қабылдамаған. Бұл – тым жақсы қолдау деп білемін. Себебі, олар қазір ақша тауып, отбасын асырап әрі қоғамға үлкен пайда тигізуде», – деді кейіпкер.

Айжан осы күнге дейін жеткен жетістіктерімен де бөлісті.
«Кей балалар, тіпті, кәмпитті өз бетінше жей алмайтын. Қазір олар біртіндеп іс-әрекетке жарап қалды. Ал бір анамыз өзінің баласының 7 жаста сөйлегенін алғаш рет естіді. Оңалту, емдік шаралардан кейін бір баламыздың денсаулығы жақсарып, кәнігі балабақшаға баратын құрдастарының қатарына қосылды. Айта берсек, әрине, көп. Мен бірақ балапандардың өмірінің өзгеруіне ықпал етіп жатқанымызға өте қуаныштымын», – деді ол.
Жаны мен тәні нәзік келіншектің әлі де арманы асқақ. Ол – 3 жастан 18 жасқа дейінгі барлық мүгедектігі бар балақайларға арналған үлкен орталық ашу.
Жұмысшы мамандықтар жылындағы кейіпкердің бірі Айжан Абраимова болды. Оған Қонаев қаласы әкімдігінің атынан толағай табыс тілейміз және зор алғысымызды білдіреміз. Біз – бірге мықтымыз!
Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі