2 C
Алматы
Понедельник, 24 февраля, 2025

Ұйғыр ауданының спортшысы Әлемнің 2 дүркін чемпионы атанды

Биыл Өзбекстан елінде өткен Әлем чемпионатына армрестлингтен 15 жастағы Ұйғыр ауданының спортшысы қатысып, 2 дүркін чемпион атанды. Осыған байланысты және ағымдағы мәселелерді талқылау үшін аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде келелі кездесу өтті. Оған құрметті қонақ ретінде Армия Ушуров шақырылды.

93 жастағы спортшыны барша жұрт құрмет тұтады. Ол аудандағы жеңіл атлетикадан ҚазКСР-нің 12 мәрте чемпионы атанған жалғыз спортшы ретінде ел есінде қалған. Кездесуде қарт спорттың маңыздылығы жайында атап өтті.

Ал 15 жастағы спортшы Раушан Тоқтарбай өзінің жетістіктерімен бөлісті.

«Армрестлингке 2022 жылы келдім. Бір жыл ішінде Алматы облысының чемпионы атандым, ҚР чемпионатында 3-орын иелендім. Ең соңғы жетістігім Өзбекстанда өткен Әлем чемпионатында бас жүлдені иеленуім болды», –деді Раушан.

Жалпы бұл мектептің іргесі 1971 жылы қаланған. Мұнда баскетбол, волейбол, футбол, еркін күрес, дзюдо, қазақ күресі, армрестлинг, бокс секілді 11 спорт үйірмесінде 1048 бала жаттығады.

«2024 жылы 134 спортшымыз түрлі біріншіліктерде жүлделі орындарға ие болды. Оның ішінде алтын алғандардың саны – 42. Нысанның ескі екені рас. Алайда, жаттығу мен спортқа бейім болу үшін ең алдымен баланың бойында талпыныс болуы қажет. Алдағы жылдарда үлкен спорт нысаны ашылады деп жоспарланған. Сол қуанышты жаңалықты асыға күтіп жүрміз», — дейді мектеп директоры.

Сондай-ақ бұл жерде тағы бір ерекше спортшы жаттығады. Ол – Рахметжан Хамраев. Бала күнінде жұлынынан жарақат алып, аяқтары қимылсыз қалса да, Рахметжан өз саласын тауып, спортқа біржола бет бұрған.

«Пауэрлифтингпен 2012 жылдан бастап айналысамын. Спортқа әкем әкелді. Бірден келісе кеттім. Бойымдағы мүгедектікке мән бермедім. Ел қатарлы жаттығып, түрлі чемпионаттарда (Азия ойындары, Әлем және Қазақстан чемпионаттары) жүлделі болдым. Парижде өткен жазғы Паралимпиадаға да қатыстым. Бірнеше рет әлем рекордын жаңарттым. 206 келі салмақтағы штанганы көтеріп, бір белесті бағындырдым. Бұл мен үшін үлкен жетістік», – деді спортшы.

Рахметжан жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.

«Балаға тәрбие беру үшін ата-анасы үлгілі болуы қажет. Олар естігенін емес, көргенін істейді. Өзім секілді мүгедектігі бар жандарды, жалпы жастарды спортпен айналысуға шақырамын. Қандай жағдай болмасын, жаттықтырушылар қолдау көрсетеді. Адам өз-өзінен ұялмауы тиіс. Сонда ғана биіктерді бағындырады», — деді ол.

Аталған жетістіктер мен адамдардың түрлі жүріп өткен жолдары Ұйғыр ауданында спорт саласының қарыштап дамып жатқанын білдірсе керек.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke