Ауылда медицинаны дамыту: Қонаевта амбулатория күрделі жөндеуден өтті
Шеңгелді ауылындағы амбулаторияның күрделі жөндеу жұмыстары 2024 жылдың сәуір айында басталған. Бұл туралы Қонаев қалалық көпсалалы аурухананың директоры Айман Ракишева пресс-тур барысында мәлім етті.

«Мердігер компания – «Дәулет-Серпін» ЖШС. Қазіргі таңда құрылысы толығымен аяқталған. Күрделі жөндеу кезінде инженерлік желілері, шатыры, қазандығы, есік-терезелері түгелдей ауыстырылып, амбулаторияның ауласы абаттандырылған», – деді қаланың бас дәрігері.
Аталған нысан бір ауысымда 100 адамды қабылдай алады, күндізгі ем алу бөлімі 10 адамға арналған. Мұнда жалпы практика дәрігерлері, педиатр, балалар тіс дәрігері, мейірбикелер мен кіші мейірбикелер қызмет етеді. Барлығы 18 маман, кадр тапшылығы жоқ.
«Сондай-ақ Қазақстанда 2-3 данасы ғана бар теңдессіз лаборатория да осы жерде ашылады. Ол 5-6 сағат ішінде талдаулардың нәтижесін шығарып, науқастарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, мұнда рентген аппараты іске қосылады. Күрделі жөндеуге дейін 1 ғана корпус жұмыс істесе, енді 2 корпус жұмыс істейтін болады. Яғни, халыққа қызмет көрсету сапасы айтарлықтай артады», — деді Айман Ракишева.
Аналар мен балаларды қабылдауға да жағдай жасалған. Дәрігер-гинекологтар Қонаев қаласынан келіп, кестеге сай қызмет көрсетеді. Ал кабинеті заманауи жабдықтармен жабдықталған. Барлық қажетті құралдар бар. Шұғыл жағдай болатын болса, науқастар бірден Қонаев қаласына жөнелтіледі.
Айта кетейік, Шеңгелді ауылына қарасты Қосқұдық елдімекенінде фельдшерлік-акушерлік пункт, Сарыбұлақ пен Ақөзекте медпункт жұмыс істеп тұр.