Бұл туралы орталықтың инженері Шамиль Гумаров мәлімдеді.
«Облыс орталығы мәртебесін алған сәттен бастап Қонаевта құрылыс айтарлықтай жанданды, сәйкесінше, жылу энергиясын тұтынушылар саны да өсті. Осыған байланысты және нысанның қуатын арттыру мақсатында «Жылу орталығы» ШЖҚ МКК ТҮКШ бөліміне 4 бу қазандығын ауыстыруға өтінім берді. Нәтижесінде мемлекеттік сатып алу порталы арқылы тендер өткізіліп, қазандықтар сатып алынды», – деді инженер.

Оның айтуынша, қазандықтар 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы басталғанға дейін орнатылады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ ол былтыр атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті.
«Былтыр қаланың 2, 4 және 5-ықшам аудандарындағы жылу жүйелері түгел ауыстырылды. Жүйенің жалпы ұзындығы — 3,077 шақырым. Қосымша 2 шақырымнан астам жылу желісіне ағымдағы жөндеу жасалды», – деді Шамиль Гумаров.
Айта кетейік, қалада 31 255 абонент орталықтандырылған жылытуға қосылған. «Жылу орталығында» 10 қазандық бар: 6 бу және 4 су жылытқыш. Оның 5-і жұмыс істеп тұр, 4-і резервте.