11 C
Алматы
Воскресенье, 27 апреля, 2025

Алматыда балалар үйінің тәрбиеленушілері мамандықтарды тегін меңгеруде

Алматы қаласында «Әлеуметтік шеберхана» жобасы аясында балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған кәсіптік оқыту курстары өткізіліп жатыр. Жоба жастарды өмірге бейімдеуді және олардың болашақ мамандығын таңдауда бағыт беруді мақсат етеді.

Қатысушылар өздерінің қызығушылықтарына қарай түрлі бағыттағы курстарға қатыса алады. Қазіргі уақытта бариста, аспаз және шаштараз сынды сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту жүргізілуде. Әр бағыт бойынша тәжірибелі мамандар шеберлік сабақтарын өткізіп, балаларды кәсіпке баулиды.

Жобаның координаторы Газез Әсем бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті:
«Біздің мақсатымыз – балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тек білім беру ғана емес, оларды өмірге қажетті дағдылармен қаруландыру. Кәсіби бағыт беру арқылы біз олардың болашағына сенімді қадам жасауына көмектескіміз келеді», – дейді ол.

Жоба аясында алғашқы топ оқу курсын аяқтап, арнайы сертификаттарға ие болды. Бұл құжаттар олар үшін еңбек нарығында алғашқы қадамдарын жасауға мүмкіндік береді.

«Әлеуметтік шеберхана» жобасы жыл бойы жалғасады және алдағы уақытта тағы бірнеше жаңа топ ашу жоспарланып отыр. Жоба қатысушылары үшін бұл — өз мүмкіндіктерін ашуға, қызығушылықтарын кәсіпке айналдыруға берілген үлкен мүмкіндік.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke