26 C
Алматы
Вторник, 12 августа, 2025

Алматы облысында мобильдік медициналық топ шалғай ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде

Алматы облысында білікті мамандардан құралған мобильдік медициналық топтар шалғай орналасқан ауылдық елді мекендерге барып, жергілікті тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсетуді бастады. Тамыздың 11-інен бастап басталған бұл шара барысында Балқаш, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандары қамтылады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, құрамында 25 тәжірибелі дәрігер бар топ тоғыз түрлі бағытта медициналық қызмет көрсетеді. Мамандар тек кеңес берумен шектелмей, қажет болған жағдайда шағын оталар жасап, күрделі жағдайларда кешенді ем-дом жүргізуге дайын.

“Бұл бастама – шалғай ауылдардағы медициналық қызметтің сапасын арттыруға бағытталған. Мобильдік топтар бір ай көлемінде жұмыс істейді және бұл шара тоқтамайды. Әр үш ай сайын осындай іс-шаралар жалғасын тауып, барлық аудандарды қамтитын болады,” – деді Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов.

Медициналық топ құрамындағы дәрігерлер жуырда Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасындағы жетекші клиникалық орталықтарда біліктіліктерін арттырып қайтты. 25 маман акушерлік-гинекология, неонатология, травматология, онкология, эндоскопиялық хирургия, анестезиология және реаниматология салаларында заманауи емдеу мен диагностикалау тәсілдерін меңгерді.

Иле аудандық орталық ауруханасының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі директордың орынбасары Рауан Азимқұлованың айтуынша, Минск қаласында өткен оқыту барысында пневмопошта жүйесі мен медициналық қызметкерлердің науқастарға деген ерекше көзқарасы жоғары бағаға ие болған.

Мамандар енді шетелде жинақтаған тәжірибесін ел ішінде, соның ішінде ауылдық аймақтарда тиімді пайдаланып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға күш салмақ.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke