22 C
Алматы
Среда, 20 августа, 2025

Пірмұхамед әулеті — өнегелі отбасы үлгісі

Отбасы – қоғамның іргетасы, ынтымақ пен сыйластықтың алтын бесігі. Бүгін біз оқырмандарға көпшілікке үлгі боларлық, сүйіспеншілік пен татулықты өміріне ту еткен, еңбегі мен адамгершілігі арқылы құрметке бөленген Пірмұхамед әулетін таныстырмақпыз.

Әке – тірек, отбасының темірқазығы

Әулеттің отағасы Тайжанов Қуаныш Пірмұхамедұлы – кәсіпкер, үлгілі әке. Ол үшін отбасы – қасиетті шаңырақ, ал бала тәрбиесі – ең маңызды міндеттердің бірі. Қуаныш мырза әрдайым “отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы” деген қағиданы ұстанып келеді. Өзінің еңбекқорлығы, жауапкершілігі және адалдығымен балаларына өнеге бола білді.

Ана – мейірім мен парасат иесі

Әулеттің шамшырағы – Майсалимова Ақтолқын Құдайбергенқызы. Ол төрт баланың асыл анасы ғана емес, “Ана сәулесі” көпбалалы аналар қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары ретінде де қоғамға елеулі үлес қосып келеді. “Жетім көрсең жебей жүр” деген ұстанымды берік ұстанған Ақтолқын ханым жанұясымен бірге жетім балаларға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсетіп жүр. Оның жанашырлығы мен қамқорлығы талай жанның жүрегіне жылу сыйлады.

Балалардың жетістігі – ата-ананың қуанышы

Әулеттің тұңғышы – Пірмұхамед Эльдар Қуанышұлы. 2010 жылы туған ол бүгінде 9-сынып оқушысы. Спортпен 8 жылдан бері айналысып келеді. Қазіргі таңда ММА (ережесіз жекпе-жек) бойынша жаттығып, спорт шеберлігіне кандидат (КМС) атағын алған. Оның талпынысы мен еңбекқорлығы қатарластарына үлгі.

Екінші ұл – Пірмұхамед Санжар Қуанышұлы. 2012 жылы дүниеге келген. 8-сынып оқушысы, спортпен 7 жылдан бері айналысады. Қазіргі таңда дзюдоға қызығушылық танытып, сары белбеу иегері атанды. Жекпе-жек өнеріндегі табандылығы – оның мінезінің берік екенін көрсетеді.

Эльдар мен Санжардың спорттағы жетістіктері аз емес: олардың еншісінде 100-ге жуық медаль, 200-ге жуық диплом және 10-нан астам кубок бар. Бұл – табандылықтың, еңбектің, сонымен қатар ата-анасының қолдауы мен бапкерлерінің еңбегінің нәтижесі.

Отбасының гүлі, ару қызы – Пірмұхамед Медина Қуанышқызы 2018 жылы дүниеге келген, қазір 2-сыныпта оқиды. Ол вокал, гимнастика және халық биімен шұғылданады. Жас та болса, республикалық және халықаралық байқаулардың Гран-При иегері атанып үлгерді. Сонымен қатар бірнеше мәрте бірінші және екінші орындарды қанжығасына байлаған. Қазіргі таңда Мединада 25 медаль, 40-тан аса грамота және 4 кубок бар. Оның әрбір жеңісі – тек ата-анасының ғана емес, бүкіл отбасының қуанышы.

Ал кенже ұл – Пірмұхамед Алихан Қуанышұлы 2020 жылы туған. Бүгінде ол балабақшада тәрбиеленуде. Әулеттің үміт күткен еркесінің де болашақта спорт пен өнерде бағындырар асулары көп боларына сенім мол.

«Мерейлі отбасы – 2025» байқауындағы жетістік

Пірмұхамед әулетінің ынтымағы мен еңбегі ел назарынан тыс қалған жоқ. Олар биылғы «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының Алматы облыстық кезеңінде, Қонаев қаласынан қатысып, 15 үздік отбасының қатарына енді. Бұл – отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбектерінің жемісі.

Аталған байқауға облыстың түкпір-түкпірінен 87 отбасы өтінім берген болатын. Оның ішінде іріктеуден өткен 15 әулет облыстық кезеңге жолдама алып, бақ сынады. Қазылар алқасы отбасылардың жетістіктеріне, дәстүрлердің сақталуына, қоғамдық өмірге белсенділігіне ерекше назар аударды. Нәтижесінде Пірмұхамедтер өнегелі өмір салтымен, қоғамдық істерге атсалысуымен өзгелерге үлгі бола білді.

Әулет – қоғам айнасы

Әр баланың жетістігі – ата-ананың қуанышы. Бұл жерде ұстаздар мен жаттықтырушылардың еңбегі, ата-ананың төккен тері және балалардың өз қабілеті мен еңбекқорлығы қатар көрінеді. Пірмұхамед әулеті – бірлігі бекем, рухы мықты, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген өнегелі отбасының айқын үлгісі.

Олардың жетістігі – тек жеке отбасының емес, жалпы қоғамның мақтанышы. Өйткені мұндай әулеттердің көптігі – елдің болашағының жарқын боларына сенім ұялатады.

Ерлік КЕБЕКБАЙ

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke