22 C
Алматы
Среда, 20 августа, 2025

Байсерке аспанында әуе думаны

Алматы облысында тұңғыш рет ұйымдастырылған «Байсерке аспаны – 2025» атты бірегей әуе шоуы көрермендерге ерекше мереке сыйлады. Тамылжыған тамыз таңында Байсерке ауылы маңындағы әуежай аумағына он мыңға жуық көрермен жиналды. Отбасылар балаларымен бірге, жастар мен үлкендер шынайы мерекелік атмосфераны сезініп, ашық аспан астында өткен шоуға куә болды.

Әуежай аумағында арнайы авиациялық техника мұражайы ұйымдастырылып, түрлі дәуірге тән көне және заманауи ұшақтар қойылды. Келушілер әскери ұшақтардың жанында естелікке суретке түсіп, балалар кабина ішін қызыға тамашалады. Сондай-ақ сахна төрінде Қазақстан мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Көпшіліктің басты қызығушылығы — көктегі әсерлі бағдарламалар болды. Алдымен парашютшілердің өнерін тамашалаған жұрт 1400 метр биіктіктен қалықтап түскен спортшыларға қол соқты. Олар әуеде түрлі ұйымдардың жалауларын желбіретіп, ерекше әсер сыйлады. Қазақстан авиациялық спорт федерациясының вице-президенті, әлемге әйгілі Тимофей Меркуловтың түтінді гирляндамен жасаған секірісі ерекше ықыласқа бөленді. Оның Эльбрус шыңында және Мысыр пирамидалары маңында жасаған трюктері жайлы деректер көрермендердің қызығушылығын арттыра түсті.

Сонымен қатар Қарулы Күштердің парашютшілері де көрерменді тәнті етті. Олар аспанда түтін шығарып, түрлі пішіндер жасады. Әуе кеңістігінде Socata ұшақтарының синхронды ұшуы, Қазақстан чемпионы Владимир Анцуповтың жоғары пилотажы, Азаматтық авиация академиясының нұсқаушысы Дмитрий Кияновтың орындаған күрделі әуе трюктері жұртшылықты ерекше әсерге бөледі.

Келесі кезекте швейцариялық Pilatus PC-12, итальяндық Partenavia P.68 ұшақтары мен спорттық Як-55 өнер көрсетті. Әсіресе Юрий Ельцов басқарған Як-55 ұшағының шеберлікке толы қимылдары көрермендердің қошеметіне бөленді. Тікұшақтар да шет қалмай, Ми-2 мен басқа тікұшақтардың әуедегі үйлесімді қозғалысы аспанда би билегендей әсер қалдырды.

Әуежай алаңында фудкорт, фотозоналар, балаларға арналған шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Көрермендер аспан қойылымдарын тамашалап қана қоймай, қазақ эстрадасы мен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының әртістерінің өнерін де тамашалады.

Шараны Алматы облысының әкімдігі, облыстық туризм басқармасы, «Visit Alatau» орталығы, «Отан» және «Тянь-Шань» аэроклубтары, Азаматтық авиация академиясы мен бірқатар әуе компаниялары қолдады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әуе шоуының басты мақсаты – авиация мен техникалық мамандықтарға жастардың қызығушылығын арттыру, отандық туризмді дамыту.

Шараны ұйымдастырушы Аэлита Фёдорова атап өткендей:

«Бұл жоба – өңірдің туристік брендіне айналатын іс-шара. Бізге сенім білдіріп отырған Алматы облысының әкімдігі мен туризм басқармасына алғыс айтамыз. Алдағы уақытта халықаралық деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді ол.

Бұл әсерлі күнде біздің тілшіміз Қонаров Аян да көрермен қатарында болды. Оның айтуынша, мұндай шоу тек ұшқыштардың кәсібилігін ғана емес, қазақстандықтардың аспанға деген махаббатын да көрсеткен:

«Байсерке аспанында өткен әрбір қойылымды көзімнен жібермей тамашаладым. Әсіресе парашютшілердің еркін қалықтауы мен тікұшақтардың синхронды ұшуы жүрекке ерекше қуаныш сыйлады. Балалардың көзіндегі шаттық пен үлкендердің толассыз қол соққаны бұл шараның қаншалықты маңызды екенін дәлелдеп берді. Мен үшін бұл тек әуе шоуы ғана емес, болашаққа деген үміт пен сенімнің символы болды», – дейді ол.

Айта кетейік, аталған авиашоу алдында Қонаев қаласындағы ASP CLUB отбасылық ойын-сауық кешенінде арнайы пресс-конференция өткен болатын. Сол жиында біздің редакция «Байсерке аспаны – 2025» шарасына арнайы шақырылып, ұйымдастырушылардан алғашқы ақпараттар алған еді.

Дәулет ЖОЛДАС

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke