Қонаев қаласының тарихы – оны салған алғашқы құрылысшылардың тағдырымен тығыз байланысты.

Солардың бірі – Александр Чжен. Ол 1970 жылдың шілдесінде Қапшағай ГЭС-інің құрылысына жас маман болып келіп, содан бері өмірін де, еңбегін де осы шаһарға арнады. Бүгінде оның еңбек өтілі – 55 жыл. Бұл сан қала тарихымен үндесіп, Конаевтың 55 жылдығымен тоғысып отыр.

Қала іргесі Іле өзеніне салынған ГЭС құрылысына байланысты қаланды. Дәл осы жерде алғашқы шағынаудандар, жолдар, әлеуметтік және мәдени нысандар бой көтерді. Жас маман атанған Александр Чжен елдегі ең ірі құрылыстың бел ортасында жүрді. Араға бір жыл салып, 1970 жылдың желтоқсанында Қапшағай ГЭС-інің алғашқы екі агрегаты іске қосылды. Бұл – еліміздің энергетикасындағы тарихи оқиға болды.

Алайда оның еңбегі тек энергетика саласымен шектелмеді. Александр Чжен қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да белсене қатысты. Әсіресе фарфор зауытында бас директордың орынбасары болып еңбек еткен жылдары кәсіпорын есебінен тұрғын үйлер салынып, ондаған отбасы қоныс тапты.

Қиын кезеңдер де болды. Бір кездері зауытта ірі өрт шығып, өндіріс тоқыраудың алдында тұрды. Бірақ Александр Чжэннің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында кәсіпорын аз уақыт ішінде қайта қалпына келтіріліп, жұмысын жалғастырды. Бұл оқиға оның қайсарлығы мен кәсіби шеберлігінің айқын дәлелі болды.

«Біз жас едік. Болашақты саламыз деген сеніммен еңбек еттік. Әрбір кірпіш, әрбір тақтайша – біздің жанымыздың бір бөлшегі», – деп еске алады Александр Чжен.
Бүгінгі күні, Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында, оның еңбек жолы ерекше мәнге ие. Қалаға деген адалдығы, кәсібіне деген беріктігі – кейінгі буынға үлгі боларлық өнеге.
55 жыл бұрын басталған еңбек жолы мен бүгінгі Қонаев қаласының мерейлі мерекесі – егіз ұғым іспетті. Қала дамып, жаңара түсті. Осы еңбектің жемісін бүгінде мыңдаған тұрғын көріп отыр.

Қойшыманов пен Алматы көшелерінің қиылысында орнатылған «Алғашқы құрылысшылар» ескерткіші – өткенге тағзым мен ұрпақтар сабақтастығының белгісі.

«Қазір қаламыз өркендеп келеді. Жаңа мектептер, жолдар, әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Жастарға айтарым – құрылысшы мамандығы қашанда қадірлі. Біз тұрғызған дүниелерді келер ұрпақ пайдаланады», – дейді ардагер құрылысшы.
Қонаевтың 55 жылдығына орай Александр Чжен барша қала тұрғындарын құттықтады.
«Біз алғашқылардың бірі болып осы қаланың іргетасын қаладық. Сол үшін қуанамын, мақтанамын. Енді қаламыздың әр шаңырағында шаттық пен береке орнасын. Алда Конаевты одан әрі көркейтіп, жаңа белестер күтіп тұр!» – деді ол сөзін қорытындылап.