18 C
Алматы
Среда, 24 сентября, 2025

Қонаевта «KitapTime – 2025» республикалық фестивалі өтті

Қонаев қаласында ел мәдениеті мен руханиятына серпін беретін айтулы шара – «KitapTime – 2025» республикалық кітап фестивалі ұйымдастырылды. Қонаев қаласының 55 жылдық мерейтойына орай өткізілген бұл ауқымды мәдени басқосу рухани құндылықтарды дәріптеуді, оқырман мен қаламгер арасындағы байланысты нығайтуды мақсат тұтты.

Фестивальдің шымылдығы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың жеке заттарынан құралған көрмемен түрілді. Тарихи жәдігерлермен танысқан қонақтар ұлт тұлғасының өмірі мен өнегелі жолынан тағылым алды.

Үш бірдей алаңда қатар өрбіген фестиваль мазмұны мен мәні жағынан көпшілікті баурап алды:
• «BOOK TALK: Әдебиет алаңы» – зиялы қауым өкілдері, ҚР Жазушылар одағының мүшелері, Мәжіліс депутаттары, жас қаламгерлер мен белсенді оқушылар бас қосып, кітаптың құдіреті мен әдебиеттің қоғамдағы орны жайында пікір алмасты.
• «Поэзия Party» – жас ақындар жырдан шашу шашып, жүрек түкпірінен шыққан өлең жолдарымен тыңдарманды тәнті етті.
• «Кітап – фэнтези қақпасы» – зияткерлік ойындар мен әдеби викториналар арқылы балалар мен жасөспірімдердің қиялына қанат бітірді.

Шара аясында тоғызқұмалақ үйірмесінің тұсауы кесіліп, ұлттық мұраға негізделген ойын түрі қала жастарына жаңа мүмкіндік сыйлады. Сондай-ақ рухани-танымдық кітап көрмесі мен түрлі инсталляциялар ұсынылып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Фестиваль соңында белсенді қатысушылар арнайы марапатталып, сахна төрінде ән мен күйден шашу шашылды. Қонаев тұрғындары үшін бұл күн нағыз әдеби мерекеге айналып, жас ұрпақтың жүрегінде кітап пен өнерге деген сүйіспеншілікті тереңдете түсті.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke