-0.1 C
Алматы
Среда, 31 декабря, 2025

ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ САҚШЫСЫ

Алматы облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығы, бұл атауды көпшілік күнделікті ести бермегенімен, оның атқарып отырған қызметі әрбір тұрғынның өмірімен тікелей байланысты. Адам баласы «Денсаулық — бірінші байлық» деп бекер айтпаған. Денсаулықтың қадірі ауырғанда білінетіні рас, ал сол ауырмаудың алдын алу үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген мекемелер бар. Ұлттық сараптама орталығы, дәл сондай, көзге көрінбейтін, бірақ ел үшін ауадай қажет ұйым.

Қазақта «Сақтықта қорлық жоқ» деген терең мағыналы сөз бар. Бүгінгі таңда бұл сөздің өміршеңдігін дәлелдеп жүрген сала, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет. Біз ішіп жүрген судың тазалығы, жеп жүрген тағамымыздың қауіпсіздігі, дем алып жүрген ауамыздың сапасы, бәрі де осы орталық мамандарының зертханалық тексеруінен өтеді. Күн сайын жүздеген сынама алынып, мұқият сарапталады. Бір қарағанда қарапайым көрінетін бұл жұмыс шын мәнінде үлкен жауапкершілікті талап етеді, себебі бір ғана қателік мыңдаған адамның денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.

Алматы облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығы санитариялық-химиялық, микробиологиялық, бактериологиялық зерттеулер жүргізіп қана қоймай, жұқпалы және паразиттік ауруларға да нақты диагностика жасайды. Кейде қауіпті дерт көзге көрінбей, белгі бермей таралуы мүмкін. Осындай сәттерде дер кезінде анықталған бір нәтиже бүтін бір өңірді індеттен сақтап қалуы ғажап емес. Сондықтан бұл орталықтың жұмысы тек зертханамен шектелмей, халықтың тыныштығы мен болашағына тікелей әсер етеді.

Өңірдің кеңдігін ескерсек, орталықтың құрамында 9 аудандық бөлімшенің болуы, үлкен артықшылық. Бұл зерттеулерді алысқа сабылмай, жедел жүргізуге мүмкіндік береді. Ауылда тұратын қарапайым тұрғыннан бастап, ірі кәсіпорындарға дейін санитариялық талаптардың сақталуы осы бөлімшелер арқылы бақылауда болады. Яғни орталық қала мен ауыл арасындағы алшақтықты жойып, халыққа бірдей қызмет көрсетуді мақсат етеді.

Мұнда еңбек етіп жүрген мамандар, өз ісінің шеберлері. Көп жылдық тәжірибесі бар дәрігерлер, зертханашылар мен сарапшылар заманауи құрал-жабдықтарды еркін меңгерген. Ғылым мен тәжірибе ұштасқан жерде ғана нақты нәтиже болады. Әр сынамаға, әр талдауға үлкен жауапкершілікпен қарау, бұл ұжымның басты қағидасы. Себебі олардың қолындағы нәтиже, жай қағаз емес, адамның тағдыры.

Зертханалардың ISO 17025 халықаралық стандартына сай жұмыс істеуі де орталыққа деген сенімді арттыра түседі. Бұл стандарт зерттеу нәтижелерінің дәлдігін, объективтілігін және сапасын қамтамасыз етеді. Яғни алынған әрбір қорытынды халықаралық талаптарға сай, күмәнсіз болуы шарт. Мұндай талап тек техникалық деңгейдің ғана емес, адами жауапкершіліктің де жоғары екенін көрсетеді.

Ұлттық сараптама орталығының басты миссиясы қауіпті алдын ала анықтау, қатердің жолын кесу, халықты ауру-сырқаудан қорғау. Бұл, көзге көрінбейтін, бірақ елдің ертеңі үшін аса маңызды еңбек. «Ел іші — алтын бесік», — демекші. Сол бесіктің берік, таза, қауіпсіз болуы үшін аянбай қызмет етіп жүрген орталық ұжымы шын мәнінде құрметке лайық.

Біз кейде таза суды, қауіпсіз тағамды, жайлы өмірді өзінен-өзі болатын дүние деп қабылдаймыз. Алайда оның артында тынымсыз тексеріс, дәл есеп, жауапты шешім тұрғанын ұмытпауымыз керек. Алматы облысы бойынша Ұлттық сараптама орталығы, сол еңбектің көрінбейтін тірегі, халық денсаулығының шынайы сақшысы.

Аян ҚОНАРОВ,
Нұрлы өлке газеті

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke