Қонаев қаласында «Жалпыұлттық “Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін” коалициясы» мүшелерінің Алматы облысы тұрғындарымен маңызды кездесуі өтті. Аталған іс-шара Жаңа Конституция жобасын түсіндіру жұмыстарының маңызды бөлігіне айналды.
Аурухана директоры әрі қалалық мәслихат депутаты ретінде мұндай кездесулердің маңызы ерекше деп есептеймін. Өйткені олар мемлекетіміздің дамуының негізгі бағыттарын ашық талқылауға, жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін халыққа жан-жақты түсіндіруге және олардың әрбір азамат үшін практикалық маңызын айқындауға мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева конституциялық реформаның саяси-әлеуметтік маңызына кеңінен тоқталды. Ол Мемлекет басшысы бастамашылық еткен өзгерістердің әділетті, орнықты әрі тиімді мемлекеттік басқару моделін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Бұл өзгерістер заңдылық қағидаттарын нығайтуға, халықтың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға және демократиялық институттардың одан әрі дамуын қамтамасыз етуге арналған.
Денсаулық сақтау саласының өкілі ретінде жүргізіліп жатқан реформалардың медицина жүйесі үшін де айрықша маңызға ие екенін атап өткім келеді. Олар медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға және азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқаты басты басымдық саналатын әлеуметтік бағдарланған қоғам қалыптастыруға берік негіз қалайды.
Жаңа Конституция ережелерін жүзеге асыру Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам болады және қаламыздың одан әрі дамуына, тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына оң ықпал етеді деп сенемін.
Ракишева Айман Галимжанқызы
Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының директоры,
қалалық мәслихат депутаты



