Біз көрген заман басқа, бүгінгі заман басқа. Бірақ қай уақытта да елге ең керегі – тыныштық, бірлік пен әділдік. Соңғы кезде жаңа Конституция жобасы туралы көп айтылып жатыр. Мен де осы Шеңгелді ауылының үлкені ретінде қарап, естіп-біліп отырмын. Конституция деген – елдің бағытын айқындайтын үлкен құжат қой. Сондықтан мұндай мәселе әрқайсымызға ортақ деп ойлаймын.
Қазақ «Ел аман, жұрт тыныш болсын» деп тілеген халық. Біз үшін ең бастысы – балаларымыз бен немерелеріміздің бейбіт елде, тыныш қоғамда өмір сүргені. Заң әділ болса, халық та өз орнын табады. Адамның құқығы қорғалып, қоғамда тәртіп болса, ел де өседі, халықтың тұрмысы да жақсарады.
Қазір заман өзгерді, жастар білім алып, түрлі салада еңбек етіп жүр. Сол жастардың жолы ашық, болашағы жарқын болса екен деп тілейміз. Елде тұрақтылық болып, жұрт ынтымақта өмір сүрсе – одан асқан бақыт жоқ.
Біз үлкендер әрқашан елдің амандығын тілейміз. Қазақта «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген сөз бар. Сол бірлігіміз бұзылмай, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Джумагулова Жолдыгүл Көпбайқызы, Шеңгелді ауылының тұрғыны



