Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында жаңа «Барыс» экопаркінің алғашқы ағаштарын отырғызу рәсімі өтті. Аталған шара Таза Қазақстан жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, оған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы қатысты.

Ауқымды экологиялық науқанға қала тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер, жастар, әскери қызметкерлер, ақсақалдар мен депутаттар белсене қатысып, ортақ іске өз үлестерін қосты. Бұл – қоғамның табиғатты қорғауға деген жауапкершілігінің артып келе жатқанын көрсететін маңызды бастама.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген аймақ басшысы экологиялық тұрақтылық кез келген заманауи мемлекеттің басты басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қонаев қаласы облыс орталығы ретінде қарқынды дамып келе жатқан шаһар болғандықтан, мұнда халықтың өмір сүру сапасын арттыру, демалысқа қолайлы жағдай жасау басты назарда.
«Қонаев қаласы – облыс орталығы ретінде қарқынды дамып келе жатқан шаһар. Жалпы аумағы 10 гектарды қамтитын «Барыс» экопаркі тек ағаш егетін орын емес, ол – қала тұрғындары мен қонақтары үшін заманауи мәдени демалыс орталығы, жайлы қоғамдық кеңістік болмақ», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Сенбілік барысында экопарк аумағына алғашқы 200 түп терек отырғызылды. Алдағы уақытта мұнда жалпы саны 5 мыңға жуық ағаш егу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Көшпенділер қалашығы» маңында тағы бір экопарк құрылып, онда 500 түп ағаш отырғызу көзделген.
Өңір басшысының айтуынша, абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Болашақта парк аумағында жаяу жүргіншілер жолдары салынып, заманауи жарықтандыру жүйелері орнатылып, тұрғындар үшін қолайлы демалыс орындары жасақталады. Жоспар бойынша, экопарк жыл соңына дейін толық пайдалануға беріледі.
Айта кетейік, биыл Алматы облысында жалпы саны 220 мың ағаш отырғызу жоспарланған. Жыл басынан бері оның 22 мыңы егілген. Бүгінгі сенбілікке облыс бойынша 30 мыңға жуық адам қатысып, 50-ге тарта арнайы техника жұмылдырылды. Бұл көрсеткіштер өңірде экологиялық бастамалардың жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын аңғартады.
Шараға қатысқан белсенділердің бірі – Алматы қаласының тұрғыны, «Проект Вирус» жобасының жетекшісі Нәбиев Дулат мұндай бастамалардың маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, ағаш отырғызу – табиғатқа жанашырлықтың нақты көрінісі.

«Бұндай шаралар табиғат үшін де, мемлекет үшін де үлкен маңызға ие. Қонаев қаласының тұрғындары мен мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің белсенді қатысуы – баршаға үлгі болатын іс. Мұндай бастамаларды еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолдап отырғанын да естен шығармауымыз керек», – деді ол.
Сондай-ақ, Қонаев қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Алтыншаш Жақенова өз пікірін білдірді. Ол қалада жүргізіліп жатқан көгалдандыру жұмыстарының келешек ұрпақ үшін маңыздылығын атап өтті.

«Бүгін Қонаев қаласында ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – өте қуанышты жағдай. Әсіресе балалар үшін мұндай жасыл аймақтардың маңызы зор. Ағаш отырғызу – болашаққа салынған инвестиция. Бұл бастама қаланың көркеюіне, ауасының тазарып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне үлкен әсер етеді», – деді жазушы.
Жиын барысында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысушыларға арнап арнайы сөз сөйлеп, бұл бастаманың мән-маңызына кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Таза Қазақстан» бағдарламасының ел экологиясын жақсартудағы рөлін ерекше атап өтті.
Әкімнің айтуынша, әрбір отырғызылған ағаш – болашақ ұрпаққа жасалған қамқорлық. Сонымен қатар, мұндай шаралар жастардың бойында табиғатқа деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халық даналығын тілге тиек еткен өңір басшысы ағаш егу – ең сауапты істердің бірі екенін жеткізді. Ол экопарк құрылысына атсалысып жатқан барлық азаматтарға алғысын білдіріп, бұл жоба алдағы уақытта облыстың көрікті орындарының біріне айналатынына сенім білдірді.
Қонаев қаласында жүзеге асып жатқан бұл игі бастама – өңірдің экологиялық жағдайын жақсартумен қатар, тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Жаңа экопарк алдағы уақытта қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналып, өңірдің көркеюіне өз үлесін қосары сөзсіз.
Көпірбай Шолпан

