Вице-премьер Қонаевтағы туристік нысандардың дайындығын тексерді

Алматы облысында жазғы туристік маусымға дайындық мәселесі Үкімет деңгейінде қаралып, жауапты құрылымдардың жұмысы кешенді түрде сараланды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Алматы облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі туристік инфрақұрылымның жазғы кезеңге әзірлігін көзбен көріп, нақты тексеруден өткізді. Делегация құрамында орталық мемлекеттік органдар мен Үкімет аппаратының өкілдері, сондай-ақ облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев болды.

Жұмыс сапары барысында Қонаев қаласындағы коммуналдық жағажайлар мен «ASP Arena» көпфункционалды кешенінің дайындығына ерекше назар аударылды. Жергілікті атқарушы органдар мен салалық қызметтер санитариялық жағдай, қауіпсіздік талаптары, медициналық және құтқару қызметтерінің әзірлігі, сондай-ақ демалушылар үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

Вице-премьер Аида Балаева туристік нысандардың толық дайын болуы дәл қазіргі кезеңде шешуші маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, судағы қауіпсіздік талаптарын сақтау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті қадағалау – басты міндеттердің қатарында.

Сонымен бірге жағажайлар мен демалыс орындарының барлығы бірдей әкімдіктердің қарауында еместігі ескертілді. Осыған байланысты жекеменшік нысан иелерінің жауапкершілігіне айрықша мән беріліп, оларға тазалықты сақтау, инфрақұрылымды тиісті деңгейде ұстау және ең бастысы, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты талаптар қойылды. Облыс әкімдігіне демалыс аймақтарының иелеріне арналған санитариялық нормалар мен қауіпсіздік шараларын сақтау жөніндегі ресми ұсынымдар әзірлеу тапсырылды.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі тарапынан туристік нысандар мен жеке кәсіпкерлік субъектілердің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған құқықтық тетіктерді жетілдіру міндеті қойылды. Жекеменшік сектор тек коммерциялық мүддемен шектелмей, қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті де толық сезінуі тиіс екені баса айтылды.

Сапар барысында қоғамдық тамақтану орындары мен қызмет көрсету нысандарының заң талаптарына сәйкестігі де назардан тыс қалмады. Уәкілетті органдарға еңбек заңнамасының сақталуын, қызметкерлермен жасалған еңбек шарттарының болуын, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуын бақылау тапсырылды. Бұл талаптар, ең алдымен, маусымдық жұмысқа тартылатын жастар мен студенттердің құқықтарын қорғауға бағытталған.

Көлік логистикасы, автотұрақтардың жеткіліктілігі және демалыс орындарындағы көлік қозғалысын реттеу мәселелері де өзекті тақырып ретінде көтерілді. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын бұзуға жол бермеу және мұндай жағдайларға дер кезінде заң аясында шара қолдану қажеттігі қатаң ескертілді.

Аида Балаева өз сөзінде «Таза Қазақстан» бастамасының нақты іспен көрініс табуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл қағидат туристік аймақтардағы тазалықтан, тәртіптен, кеңістіктің жүйелі ұйымдастырылуынан және қоғамдық демалыс орындарына деген ортақ жауапкершіліктен байқалуы тиіс. Ал «Заң мен тәртіп» ұстанымы барлық қызметтің үйлесімді жұмысынан және талаптарды бұзғандарға қатысты шаралардың бұлтартпай қолданылуынан көрінуі қажет.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша санитариялық жағдайды күшейту, инфрақұрылым мен қауіпсіздік қызметтерінің толық дайындығын қамтамасыз ету, халықпен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жандандыру және демалыс орындарына жүйелі бақылау орнату жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар азаматтардың еңбек құқықтарын сақтау мен меншік иелерінің көрсетілетін қызмет сапасы, қауіпсіздік және қоғамдық тәртіп үшін жауапкершілігін арттыру мәселесі басты назарда қалды.

​​​​​​​​​Шолпан Қараева

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke