Жаз мезгілі қарсаңында Қонаев қаласында санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыстар басталды. Қала аумағында масаға қарсы дезинсекциялық шаралар жүргізіліп, бұл жұмыстар тұрғындардың денсаулығын қорғау мен қолайлы орта қалыптастыруды көздейді.
Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта безгек масасына қарсы өңдеудің алғашқы кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Жалпы жоспар бойынша дезинсекциялық жұмыстар қыркүйек айына дейін алты кезең бойынша жүргізіледі.
Қала аумағында масалардың көбеюіне қолайлы 60 анафогенді су айдыны анықталған. Олардың жалпы көлемі 70 гектарды құрайды. Аталған су айдындарында жүргізілетін өңдеу жұмыстарына Қонаев қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы жауапты. Бұл шаралар маса дернәсілдерінің таралуын ерте кезеңде тоқтатуға бағытталған.
Сонымен қатар қаладағы саябақтар мен жағажай аумақтарын өңдеу жұмыстары Қонаев қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан ұйымдастырылады. Демалыс орындарында жүргізілетін бұл шаралар жаз мезгілінде тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіз әрі жайлы демалуына мүмкіндік береді.
Дезинсекциялық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Өңдеу барысында қолданылатын құралдар мен препараттар белгіленген санитариялық талаптарға толық сәйкес келеді.
Осыған байланысты қала тұрғындары мен қонақтарынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарау сұралады. Уақытша қолайсыздықтар санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып жатқанын ескерген жөн.

