IT-Aiel бағдарламасының жаңа кезеңі басталды
Қазіргі қоғамда білімнің мазмұны ғана емес, бағыты да өзгерді. Сандық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған кезеңде цифрлық сауаттылық пен қаржылық мәдениет әр азаматтың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды факторға айналып отыр. Осы тұрғыда елімізде әйелдер мен жастарды жаңа заман талаптарына бейімдеуге бағытталған IT-Aiel білім беру бағдарламасының жаңа маусымы басталды.
Бағдарлама коммерциялық емес TechnoWomen ұйымының бастамасымен жүзеге асырылып келеді. Төрт жыл ішінде жоба ауқымы кеңейіп, бүгінгі таңда 21 мыңнан астам қатысушыны қамтыған. Олардың ішінде 1500-ден астам азамат цифрлық қызметтер мен жасанды интеллект бағытында жұмыс тауып, жаңа кәсіпті игеруге мүмкіндік алған.
Жобаның басты ерекшелігі – оған қатысу үшін арнайы білім мен тәжірибенің талап етілмеуі. Бағдарлама жаңа бағыт іздеген, кәсіби жолын өзгертуді көздеген немесе қосымша табыс көзін қалыптастыруды мақсат еткен азаматтарға қолжетімді.
Биыл бағдарлама мазмұны жаңартылып, оқу жүйесі бірнеше бағыт бойынша құрылды. Алғашқысы – қаржылық сауаттылық. Бұл бөлімде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен кәсіп бастаушыларға салықтық есеп жүргізу, қаржыны тиімді басқару және табыс көздерін әртараптандыру жолдары түсіндіріледі. Сонымен қатар жасанды интеллект құралдарын пайдалану арқылы табыс табу мүмкіндіктері де қарастырылады.
Екінші бағыт цифрлық дағдыларды дамытуға арналған. Қатысушылар заманауи технологияларды қолдана отырып сайттар мен мобильді қосымшалар жасауды, бейнеконтент әзірлеуді меңгереді. Жаңартылған бағдарламада vibe-coding және AI-видеокреатор сияқты жаңа бағыттардың енгізілуі – уақыт сұранысына жауап.
Үшінші бағыт киберқауіпсіздік мәселелеріне арналды. Интернет кеңістігінде жеке деректерді қорғау, алаяқтық схемаларды тану және онлайн қызметтерді қауіпсіз пайдалану қағидалары кеңінен түсіндіріледі. Бұл – цифрлық дәуірдегі ең өзекті мәселелердің бірі.
Оқу процесі аралас форматта ұйымдастырылады. Онлайн вебинарлар мен практикалық сабақтар тұрақты түрде өтсе, бірқатар өңірлерде офлайн шеберлік сағаттары жоспарланған. Бағдарлама соңында қатысушылар сертификат алып, еңбек нарығында өз орнын табуға немесе фриланс бағытында жұмыс істеуге мүмкіндік алады.
Цифрлық және қаржылық сауаттылықтың маңызы туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров да атап өтті. Оның айтуынша, жастар арасында қаржыны басқару, киберқауіпсіздік және цифрлық құралдарды тиімді пайдалану бағытындағы білімнің жеткіліксіздігі түрлі тәуекелдерге әкелуі мүмкін. Сондықтан мұндай жобалар тек білім берумен шектелмей, қоғамдағы өзектімәселелердің алдын алуға ықпал етеді. Бұл жоба алдағы күндері Қонаев қаласында орналасқан өңірлік Alatau hubтехнопаркінде де қолға алынбақ.
IT-Aiel бағдарламасы – уақыт талабына сай бастама. Ол азаматтардың экономикалық дербестігін нығайтуға, кәсіби мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады. Бүгінгі таңда мұндай жобалардың маңызы артып, олардың қоғам өміріндегі рөлі айқындалу үстінде.
НазеркеИнақынқызы

