Қазақтың даңқты перзенті, жауырыны жерге тимеген балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына – 155 жыл
Қазақ даласының кеңдігі қандай болса, оның перзенттерінің рухы да сондай биік. Сол биіктің бір шоқтығы – Қажымұқан Мұңайтпасұлы. Биыл ұлт мақтанышына айналған алып тұлғаның туғанына 155 жыл толып отыр. Ғасырдан асса да көмескі тартпаған даңқ, уақыт озса да әлсіреп көрмеген бедел – оның есімімен бірге жасасып келеді.
Қажымұқан 1871 жылы 7 сәуірде Ақмола уезіне қарасты Қараөткел өңірінде дүниеге келген. Қарапайым шаруа отбасында өскен баланың балалық шағы таршылықпен өтті. Әкесінен ерте айырылып, анасының қолында қалған жас Мұқан күнкөріс қамымен жастайынан еңбекке араласады. Дәулетті адамдарға жалданып, мал бағып, қара жұмыс істеген. Жасөспірім шағында жүк тасып, ауыр еңбектің ортасында жүрген бала бірте-бірте өзінің ерекше күшін таныта бастайды. Осындай бейнетке толы тіршілік оның денесін ғана шынықтырып қоймай, жігерін жаныды, қайратын жондады. Кейінгі жеңістердің түп тамыры дәл осы балалық шақтағы еңбекпен қаланды десек, артық болмас.
Ауыл арасындағы ас пен тойдағы белдесулер жас Мұқан үшін үлкен мектеп болды. Алғашқы жеңістер сол ортада басталып, бірте-бірте оның аты ел ішіне тарады. Басында жұрт қызық көрді, кейін таңданды, соңында мойындады. Табиғи дарын мен тынымсыз еңбек ұштасқанда, үлкен жол ашылмай қоймайды. Қажымұқанның кәсіби күреске келуі де – осының дәлелі.
ХХ ғасырдың басында ол халықаралық ареналарға шығып, кәсіби күресте өнер көрсете бастайды. Классикалық күрес бойынша өткен ірі жарыстарда бірнеше мәрте топ жарып, 1908, 1909, 1911, 1913 және 1914 жылдары әлем чемпионы атануы – қазақ тарихындағы айрықша белес. Француз күресі бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алған ең алғашқы қазақ. Бір деректерде оның 50-ден астам елде өнер көрсетіп, ондаған медаль иеленгені айтылса, енді бір деректер бойынша 54 мемлекетте күресіп, 48 марапат алғаны көрсетіледі. Бір жеңіс – бақ, екі жеңіс – бап, ал мұнша мәрте жеңу – табиғат берген тектілік пен тынымсыз еңбектің жемісі.
Сол дәуірдің саяси және әлеуметтік жағдайына байланысты ол «Ямагата Маханура», «Қара Иван», «Қара Мұстафа» секілді лақап аттармен де шыққан кезеңдері болды. Бірақ аты өзгергенмен, заты өзгерген жоқ. Кілемге шыққан сайын оның бойынан қазақтың қайсарлығы сезіліп тұрды. «Ат ауысқанмен, ар ауыспайды» деген осы.
Қажымұқанның жомарттығы – өз алдына бір әңгіме. Соғыс жылдары ел басына күн туған шақта қарап отыруды намыс көрді. Ел аралап, өнер көрсетті, қаражат жинады. Жиналған қаржыны майданға жіберіп, ұшақ жасатқаны – елдік істің ең биік өлшемі. Күші бар адам көп, бірақ жүрегі кең адам сирек. Қажымұқанның қадірі де осында.
1912 жылы қажылыққа барып, халық ішінде Қажымұқан атанған нар тұлға халық өнерінен де алыс болмаған. Домбыра тартып, ән салғаны жөнінде ел ішінде сақталған деректер оның болмысын толықтыра түседі. Күш пен өнер, қарапайымдық пен асқақтық бір адамның бойынан табылуы – сирек құбылыс.
Тағдырдың ащы дәмін де татты. Қуғын-сүргіннің көлеңкесі түскен кезеңдер болды. Бірақ «нар жолында жүк қалмас» дегендей, ол мойыған жоқ. Халықтан қол үзбеді, ел де оны ұмытқан жоқ.
1948 жылы алып жүрек тоқтағанымен, артында қалған өнеге өшкен жоқ. Бүгінде Түркістан өңіріндегі Қажымұқан музейі – сол ғұмырдың белгісіндей. Ал ел жадындағы Қажымұқан – уақыттан биік. Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімі халық жадында ғана емес, көркем сөзде де кеңінен өріс алды. Оның өмірі мен күрес жолы талай қаламгердің шығармасына арқау болды. Әлімқұл Бүркітбаевтың «Қажымұқан» романында балуанның ауыл арасындағы қарапайым белдесулерден бастап, Петерборға барып кәсіби күреске араласуы, әлем ареналарындағы айқастары мен тағдырлы сапарлары нақты деректер негізінде көркем тілмен баяндалады. Ал Ғазизбек Тәшімбаев құрастырған «Күш атасы» жинағында замандастарының естеліктері арқылы оның болмысы жан-жақты ашылады: тек күш иесі емес, ойлы, байсалды, сөзге ұста, домбыра шертіп, ән салатын өнерлі жан ретінде көрінеді. Шетелдік балуандардың естеліктерінде де Қажымұқанның тосын әдістері мен батылдығы айрықша аталып, оның қарсыласын күтпеген сәтте алып жығатын шеберлігі жоғары бағаланады. Қазақ поэзиясында да бұл тұлға кеңінен жырланды: Сәкен Сейфуллин оның сом бітімін суреттесе, Қадыр Мырзалиев дала күшімен теңейді, Төлеген Айбергенов асқақ рухпен астастырады. Осы еңбектердің бәрі Қажымұқан бейнесін бір қырынан ғана емес, тұтас дәуірдің айнасы ретінде танытып, оның есімін ұлт жадында одан әрі бекіте түсті.
«Ер есімі – ел есінде» дейді қазақ. Осы сөздің салмағын көтеріп тұрған санаулы тұлғаның бірі – Қажымұқан. Бір адамның ғұмыры бір халықтың рухын көтеріп кетуі мүмкін екеніне дәлел керек болса, осы есімді атау жеткілікті.
Жылдар жылжиды. Ұрпақ ауысады. Бірақ елдің жадында қалған есімдер өзгере қоймайды. Қажымұқан – сондай есім. Тау алыстаған сайын биіктей түседі. Оның тұлғасы да уақыт өткен сайын асқақтай берері хақ.
НазеркеИнақынқызы

