Жауынгерлік әзірлік сыннан өтуде

Қонаев гарнизонына қарасты 32363 әскери бөлімінде жоспарлы бақылау тексерісі басталды. Бұл туралы гарнизонның баспасөз қызметі хабарлады. Аталған іс-шара бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігін жан-жақты бағалауға бағытталған.

Тексеру барысында комиссия жеке құрамның кәсіби даярлық деңгейін, әскери тәртіптің жай-күйін, күнделікті қызметтің ұйымдастырылуын, сондай-ақ техника мен қару-жарақтың қойылған міндеттерді орындауға дайындығын саралауда. Бұл – бөлімшенің жалпы әлеуетін айқындайтын маңызды кезеңдердің бірі.

Бақылау барысында бөлімшелердің өзара үйлесімді іс-қимылына ерекше назар аударылуда. Сонымен қатар жауынгерлік даярлық нормативтерінің орындалуы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуы жіті қадағаланып отыр. Әскери қызметшілер дене дайындығы бойынша нормативтерді (ФИЗО) тапсырып, өздерінің төзімділігі мен күш-қуатын, жалпы физикалық әзірлігін көрсетуде.

Іс-шара аясында түрлі сабақтар, жаттығулар және бақылау тапсырмалары өткізіліп, жеке құрамның дайындығы кешенді түрде бағалануда. Бұған қоса материалдық-техникалық базаның жай-күйі, әскери қызметшілердің орналасу жағдайы мен тылдық қамтамасыз ету жүйесі де тексерілуде.

Жауынгерлік даярлық бөлімінің аға офицері, гвардия капитаны Бекжігіт Омарбековтің айтуынша, мұндай бақылау тексерісі – әскери бөлім қызметінің деңгейін нақты бағалауға мүмкіндік беретін маңызды кезең.

«Бақылау тексерісі – жеке құрамның қазіргі дайындық деңгейін айқындап қана қоймай, алдағы даму бағыттарын анықтауға жол ашады. Басты міндет – бөлімшелердің кез келген жағдайда қойылған міндеттерді орындауға жоғары дайындықта болуын қамтамасыз ету», – деді ол.

Тексеру қорытындысы бойынша әскери бөлім қызметіне кешенді баға беріліп, алдағы уақытта жетілдіруді қажет ететін бағыттар айқындалады. Сонымен қатар қызметтік және жауынгерлік даярлықтың тиімділігін арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірленбек.

​​​​​​​​​Ерлік Кебекбай

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke