Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (ӘРПК) – азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы құқықтық қатынастарды реттейтін, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыратын маңызды құқықтық құжат. Бұл кодекс билік пен қоғам арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етіп, әкімшілік дауларды қараудың заманауи үлгісін қалыптастырды.
ӘРПК-ның басты ерекшелігі – азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру. Құжатта әкімшілік рәсімдердің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ететін бірқатар негізгі қағидаттар бекітілген.
Атап айтқанда, азаматқа қолайлылық қағидатына сәйкес, мемлекеттік органның шешіміне шағымдану барысында дәлелдеу міндеті толықтай сол органға жүктеледі. Яғни, азамат өз кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес. Бұл – құқық қорғау жүйесіндегі маңызды жаңашылдықтардың бірі.
Сондай-ақ, белсенділік қағидаты бойынша сот тек тараптар ұсынған дәлелдермен шектелмей, істің мән-жайын жан-жақты зерттеу мақсатында қосымша материалдар жинауға және мемлекеттік органдардан қажетті құжаттарды талап етуге құқылы.
Кодексте алдын ала тыңдау рәсіміне ерекше мән берілген. Әкімшілік орган азаматтың құқығына әсер ететін шешім қабылдар алдында оның уәждерін тыңдап, пікірін ескеруге міндетті. Бұл шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын арттырып, негізсіз шешімдердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, сотқа дейінгі тәртіппен шағымдану институты енгізілген. Яғни, азамат әкімшілік органның әрекетіне немесе шешіміне тікелей сотқа жүгінбей тұрып, алдымен жоғары тұрған органға шағым түсіруі тиіс. Бұл тетік дауларды сотқа жеткізбей шешуге ықпал етеді.
ӘРПК аясында шағымдану мерзімдері де нақты белгіленген. Жалпы жағдайда әкімшілік актіге шағым түсіру мерзімі бір айды құрайды. Ал жекелеген жағдайларда бұл мерзім үш ай немесе бес жылға дейін созылуы мүмкін.
Жалпы алғанда, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің басты мақсаты – азаматтарды мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау, әкімшілік әділеттілікті қамтамасыз ету және мемлекеттік басқару жүйесіндегі бюрократиялық кедергілерді азайту. Осы арқылы азаматтардың өз құқықтарын тиімді қорғауына кең мүмкіндік беріледі.
Н.О.Медетов,
Қонаев қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы РММ

