Қонаев қаласында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстар өз жалғасын табуда. Осы ретте қаламектептерінің 5–10 сынып оқушылары арасында «Құқықбұзушылықсыз болашақ» тақырыбында профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, оған құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Маңызды кездесуге Қонаев қалалық полиция басқармасы қызметкерлері арнайы қатысып, жас буынмен ашық пікір алмасу алаңын құрды. Атап айтқанда, Қонаев ҚПБ ҚҚБ бастығы, полиция подполковнигі А.А. Байкулов, Қонаев ҚПБ АКАБТКП полиция майоры Р.Б. Мусабеков, сондай-ақ ювеналды полиция тобының учаскелік инспекторы, полиция аға лейтенанты А.Қ. Сүйіндік оқушылармен тікелей жүздесіп, өзекті мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітті.
Іс-шара барысында құқық қорғау саласының мамандары жасөспірімдерге құқықбұзушылықтың салдары мен оның алдын алу жолдарын жан-жақты түсіндірді. Әсіресе, қазіргі қоғамда өзекті болып отырған есірткі заттарының зияны, оның адам денсаулығына ғана емес, болашағына тигізер кері әсері нақты мысалдар арқылы жеткізілді. Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерін сақтау, мопед және басқа да көлік құралдарын басқару кезінде қауіпсіздік талаптарын орындау қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Кездесу аясында жасөспірімдер арасында жиі кездесетін әлімжеттік (буллинг) мәселесі де назардан тыс қалмады. Мамандар бұл құбылыстың психологиялық және құқықтық салдары туралы айтып, бір-біріне құрметпен қарау мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты қауіптердің алдын алу, өз қауіпсіздігін сақтау дағдыларын дамыту мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Тәрбиелік мәні зор жиында оқушыларға заң талаптарын сақтау, өз құқықтары мен міндеттерін білу, әрбір әрекетіне жауапкершілікпен қарау қажеттігі ерекше атап өтілді. Құқықтық сауаттылықты арттыру арқылы ғана жасөспірімдердің қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыруға болатыны айтылды.
Ерлік Кебекбай

