Жақында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде дәстүрлі V Халықаралық Фараби Форумы аясында философия кафедрасының мұрындық болуымен “Цифрлық дәуірдегі адам болмысы: философиялық талдау” тақырыбындағы философиялық эссе байқауы және “Қазақ философиясындағы ұлттық болмыс және рухани құндылықтар” атты бейнероликтер байқауы өткізілді.
Байқауға тек қара шаңырақтың ғана емес, сонымен қатар еліміздің басқа да жоғары оқу орындарының студенттері белсене қатысты.
Эссе байқауының тақырыбы — қазіргі цифрлық дәуірдегі адам болмысын сипаттауға арналған болатын. Бұл мәселе қазіргі философиядағы ең өзекті тақырыптардың бірі. Тақырыпты зерттеу барысында студенттер адамның мәнін, еркіндігін, санасын, әлеуметтік қатынастарын, өзін-өзі тануын цифрлық технологиялар әсерінен қалай өзгеріп жатқандығымен сипатттап көрсетуге тырысқан.
Цифрлық технологиялар біз өмір сүріп жатқан қоғамның өмір сүру тәсілін түбегейлі өзгерткені анық. Егер бұрындары адам болмысы табиға және әлеуметтік ортада қалыптасса, қазір оған виртуалды кеңістік жағдайындағы қалпы қосылған.
Жүлделі орындарға ие болған студенттердің жұмысында адам болмысын зерттеген көптеген философтардың көзқарастары сараланып шынайы көрініс тапқан. Әсіресе, шынайылық пен виртуалдылық арасындағы шекараның әлсіреуін Жан Бодрийярдың “симулякр” ұғымы арқылы түсіндіруге тырысқан жұмыстар көп. Қазіргі қоғамда шынайы нәрселердің орнына олардың көшірмелерінің өмір сүретіндігін зерделеп көрсеткен.
Екінші дәрежелі дипломға ие болған Бисенғожина Айдананың эссесінде сананың цифрлануы мәселесі жан-жақты қарастырылыпты. Студент цифрлық дәуірде адамның ойлау жүйесінің өзгеретіндігіне тоқталады. Бұл мәселені Мартин Хайдеггердің техника философиясын зерттеудегі тұжырымдарымен бекітеді. Техника адамды “құралға тәуелді субъектке” айналдырады деген қорытындыға келеді.
Сонымен қатар, болашақ ғалымдар цифрлық дәуір адам болмысына жаңа мүмкіндіктер мен қауіптерді де алып келетіндігін жазады. Болашақта адамды техника басқарады ма деген сауалға жауап іздейді.
Көрсетілген мысалдар жас ғалымдардың қоғамда орын алып жатқан оқиғаларға немқұрайлы қарамайтындығының дәлелі. Цифрлық дәуірдегі адам болмысының жағдайын жан-жақты зерттеп заманауи көзқарастарын еркін білдірді.
Ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды сараптауға тырысқан студенттердің бейнероликтер байқауына келетін болсақ, бұл байқауда студенттердің заманауи көзқарастарының жан-жақтылығына таң қалдық.
Халқымыздың тарихи тәжірибесін, ұлттық болмысын қайталанбас тұлға Шоқан Уалиханов тұлғасында көрсеткен Орманбай Теміртас бастаған студенттер тобы бас жүлдені иемденді. Бейнероликте қазақ халқының көшпелі өмір салты, дүниетанымы, табиғатпен үйлесімділігі және адамгершілік қағидалары айқын көрсетілген.
Екінші жүлделі орынға ие болған Наушарбан Мереке бастаған 2-курс студенттерінің жұмысы — салт-дәстүр мен ұлттық дүниетанымға арналыпты. Болашақ философтар қазақ философиясындағы негізгі идеялар “Жер-Ана” концепті, “Қонақжайлық феномені”, “адамгершілік” мәселелерін терең қарастырған.
Халықтың өзегін — ұлттық болмыс пен рухани құндылықтар құрайтыны белгілі. Бұл құндылықтар бүгінгі күні әсіресе маңызды. Ұлттық бірегейлігімізді сақтау үшін осындай тақырыптағы байқауларды өткізудің қаншалықты қажет екендігін түсіндік.
Байқауға философия кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы қатысып заманауи көзқарастарға өз пікірлерін білдіріп отырды.
Жарыс соңында жүлделі орындар анықталып, университет тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Философия кафедрасының
аға оқытушысы, доцент
Г.М. Сембаева,
аға оқытушы Ж.Н. Казиева

