ШЕҢГЕЛДІДЕ ТІРШІЛІК ТАМЫРЫ ТЕРЕҢДЕЙ ТҮСПЕК

Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылдық округінде инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жаңа кезеңге қадам баспақ. Бұл жөнінде қала әкімі Асхат Бердіханов Сарыбұлақ ауылының тұрғындарымен кездесу барысында кеңінен баяндап, алдағы жоспарларды нақты деректермен негіздеді. Жиын барысында ауылдардың бүгінгі тынысы, шешімін күткен мәселелер мен іске асырылатын жобалар ашық талқыланды.

Қала басшысының айтуынша, округ құрамына кіретін бес елді мекеннің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жақсарту басты назарда. Осы бағытта биыл ауқымды жұмыстар қолға алынбақ. Атап айтқанда, бес ауылдың 88 көшесіне сыртқы жарық жүйесін тарту жоспарланған. Бұл тізімге Сарыбұлақ ауылындағы 14 көше де енгізілген. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Аталған жұмыстар жүзеге асқан жағдайда елді мекендердегі қауіпсіздік деңгейі артып, тұрғындардың күнделікті тұрмысында айтарлықтай оң өзгерістер болмақ.

Ауыл халқы үшін маңызды мәселелердің бірі – сапалы ауыз су. Шеңгелді ауылдық округіндегі су желілерін жаңғырту жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытынды алған. Соның негізінде биыл құрылыс жұмыстарын бастау көзделіп отыр. Бұл бастама ауыл тұрғындарының көптен бері көтеріп келе жатқан мәселелерінің бірін шешуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Шеңгелді ауылында жолдарды орташа жөндеуден өткізу, жаңа аялдамалар орнату және спорт алаңдарын салу жоспарланған. Бұл шаралар ауылдың инфрақұрылымын жаңартумен қатар, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Кездесу барысында газдандыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Қала әкімі автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысына қатысты жоба мемлекеттік сараптамаға жолданғанын атап өтті. Ал ауылішілік газ желілерінің жобасы әзірлену үстінде. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша да нақты көрсеткіштер келтірілді. Бүгінде Шеңгелді ауылдық округіндегі егіс көлемі 13 528 гектарды құрайды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 67 трактор мен 10 астық сепкіш жұмылдырылмақ. Сонымен бірге зиянкестерге қарсы 11 475 гектар алқапта химиялық өңдеу жүргізу жоспарланып отыр. Бұл шаралар өнімділікті арттыруға және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Сарыбұлақ ауылында қуаттылығы 1200 басқа арналған сүт-тауарлы ферма құрылысы басталмақ. Аталған жоба ауыл экономикасының дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады. Мемлекеттік қолдау шаралары да жалғасып келеді. Атап айтқанда, «Кең дала 2» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 245,1 млн теңгені құрайтын екі өтінім мақұлданған. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғынына мал сатып алу үшін 6,5 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген.

Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Сұрақтардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы мен электр желілерінің жұмысына қатысты болды. Әсіресе Сарыбұлақ ауылында жарықтың жиі өшуі мәселесі көтерілді. Қала әкімі бұл мәселе «АлатауЖарықКомпаниясы» АҚ-мен бірлесе отырып қарастырылатынын жеткізді.

Қолға алынған жобалар кешені ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсарып, ауыл әлеуеті арта түседі деп күтілуде.

Аян Қонаров

Предыдущая статья
Следующая статья
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын аралап көрді✔️Орталықта жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулер мен білім беру бағдарламалары жүргізіліп, стартап-бастамалар мен басқа да қолданбалы шешімдердің енгізілуіне жағдай жасалады.✔️Іске асырылып жатқан жобалар ЖИ технологиясын мемлекеттік секторда, бизнесте және күнделікті өмірде қолдануға мүмкіндік береді.✔️Жалпы, Орталық Мемлекет басшысының Қазақстанды технологиялық, заманауи және бәсекеге қабілетті елге айналдыруды көздейтін стратегиялық бағдарын орындау мақсатында құрылған.✔️Президент Орталықты аралау барысында Astana Smart City жобасының іске қосылғанына куә болды.✔️Бұл – интеллектуалды қала инфрақұрылымының жаңа буынын қалыптастыратын маңызды бастама.✔️Presight.AI компаниясының бас директоры Томас Прамотедхам қала жүйелері мен деректерді нақты уақыт режимінде біріктіретін бірыңғай АІ-платформаны, сондай-ақ оның шаһарды басқару тиімділігін арттыру барысындағы қолдану мүмкіндіктерін таныстырды.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke