Қонаев қаласындағы қоғамдық қауіпсіздік, құқық бұзушылықтың алдын алу және полиция қызметінің тиімділігі туралы Қонаев қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Рашид Тельманұлы Нурмамбетовпен сұхбаттасқан болатынбыз:
– Рашид Тельманұлы, Қонаев қаласында соңғы уақытта құқықбұзушылық деңгейі қалай өзгерді? Қандай қылмыс түрлері жиі кездеседі?
– Соңғы уақытта Қонаев қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан кешенді шаралардың нәтижесінде криминогендік ахуалдың тұрақтануы және құқық бұзушылық деңгейінің біршама төмендеуі байқалады. Құқық қорғау органдары профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, бейнебақылау жүйелерін кеңейтіп, тұрғындармен өзара іс-қимылды арттыруда. Дегенмен, Қонаев – туристік аймақ болғандықтан, әсіресе жаз мезгілінде халық саны уақытша көбейіп, кейбір құқық бұзушылықтардың артуы тіркелуі мүмкін. Қазіргі таңда жиі кездесетін құқық бұзушылықтарға мүліктік қылмыстар, интернет-алаяқтық, қоғамдық тәртіпті бұзу, жол қозғалысы ережелерін сақтамау және отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар жатады. Әсіресе интернет арқылы жасалатын алаяқтық өзекті мәселеге айналып отыр.
– Оқиғаларға жедел әрекет ету қаншалықты тиімді? Шақыртуларға кешігу жағдайлары кездесе ме?
– Қалада полиция қызметі тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Патрульдік полиция жасақтары күшейтілген режимде қызмет атқарып, жедел басқару орталықтары мен бейнебақылау жүйелері арқылы бақылау жүргізіледі. Соның арқасында шақыртуларға уақытылы жету көрсеткіші жақсарып келеді. Әрине, кейбір жағдайларда жол-көлік жүктемесі, шақыртулардың бір мезетте көп түсуі немесе шалғай аумақтарға бару сияқты объективті себептерге байланысты кешігу фактілері болуы мүмкін. Бірақ мұндай жағдайлар жүйелі сипатта емес, әр дерек бойынша қызметтік тексеру жүргізіледі.
– Түнгі уақытта қаладағы қауіпсіздік деңгейін қалай бағалайсыз?
– Жалпы алғанда, түнгі уақытта қоғамдық қауіпсіздік тұрақты бақылауда. Әсіресе адам көп жиналатын орындарда, орталық көшелерде, жағажайлар мен демалыс аймақтарында патрульдік қызмет күшейтілген. Туристік маусым кезінде қосымша бақылау ұйымдастырылады. Сонымен қатар құқық бұзушылық жиі тіркелетін учаскелер ерекше назарда ұсталады.
– Қоғамдық орындарда полиция бақылауы жеткілікті ме?
– Қоғамдық орындардағы қауіпсіздік – басты назардағы мәселе. Саябақтарда, жағажайларда, орталық көшелер мен ойын-сауық орындарында полиция қызметкерлері тұрақты патруль жүргізеді. Сонымен бірге бейнебақылау камераларының саны артып келеді. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
– Учаскелік инспекторлардың тұрғындармен байланыс орнатудағы жұмысына қандай баға бересіз?
– Учаскелік инспекторлар – халыққа ең жақын полиция өкілдері. Олар өз аумағындағы тұрғындарды, проблемалық отбасыларды, құқық бұзушылыққа бейім азаматтарды жақсы біледі. Тұрғындармен кездесулер, жеке қабылдаулар, аула аралау жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Қазіргі таңда мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы да жедел байланыс орнатылып отыр. Дегенмен, кадр тапшылығы мен жүктеменің көп болуы кейбір жағдайда жұмыстың тиімділігіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жетілдіруді қажет етеді.
– Қала тұрғындарының полицияға деген сенімі қандай деңгейде?
– Соңғы жылдары тұрғындардың полицияға деген сенімі біртіндеп артып келеді. Бұл ең алдымен полиция қызметінің ашықтығы мен жедел әрекет ету сапасына байланысты. Азаматтар үшін полиция қызметкерлерінің кәсібилігі, әдептілігі және заң аясында әділ жұмыс істеуі өте маңызды. Сонымен қатар кейбір азаматтардың полицияға сақтықпен қарайтыны да жасырын емес. Бұған бюрократия, өтініштердің ұзақ қаралуы немесе кей құқық бұзушылықтардың ашылмауы әсер етуі мүмкін. Сондықтан халықпен ашық диалог орнату – негізгі міндеттердің бірі.
– Қаланың қай жерлерінде бейнебақылау мен патруль күшейтілген?
– Ең алдымен адам көп шоғырланатын қоғамдық орындар бақылауға алынған. Атап айтқанда, саябақтар, жағажайлар, базарлар, сауда орталықтары, орталық көшелер мен жаяу жүргіншілер аймақтарында бейнекамералар орнатылып, патрульдік қызмет күшейтілген. Сонымен қатар жол-көлік оқиғалары жиі болатын көшелер мен қиылыстарда бақылау ерекше назарда. Тұрғын үй секторларында да «Қауіпсіз аула» жобасы аясында бейнекамералар орнатылуда.
– Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру үшін қандай нақты ұсыныстар қарастырылып жатыр?
– Бірінші кезекте профилактикалық жұмыстарды күшейту қажет. Учаскелік инспекторлардың рөлін арттырып, оларды халықпен тығыз жұмыс істеуге бағыттау маңызды. Сонымен қатар бейнебақылау жүйелерін кеңейту, патрульдік полиция қызметін күшейту, цифрлық технологияларды енгізу жоспарланып отыр.
Жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру да басты бағыттардың бірі. Мектептер мен колледждерде құқықтық тәрбие беру, түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығын арттыру мен материалдық-техникалық базаны жақсарту мәселелері де қарастырылуда
Сұқбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Шолпан Аралқызы

