«Сәйгүлік–2026»: Ұлттық рухты асқақтатқан дүбірлі дода

2026 жылдың 7 мамыр күні Алматы облысы, Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылындағы атшабарда Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған «Сәйгүлік–2026» облыстық ашық турнирі жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Ұлттық спорттың мәртебесін көтеріп, қазақтың қанына сіңген ат спорты дәстүрін дәріптеген дүбірлі додаға облыстың түкпір-түкпірінен келген 145-тен астам шабандоз қатысып, өз бақтарын сынады. Таңғы сағат 10:00-де басталған салтанатты ашылу рәсімі көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Ашылу алдында ұйымдастырылған концерттік бағдарлама ұлттық өнердің көркін қыздырып, ауыл аспанын әсем ән мен күйге бөледі. Атшабар маңына жиналған халық ұлттық рух пен мерекелік көңіл-күйді айқын сезінді.

Салтанатты рәсім барысында жүргізушілер ұлттық бәйгенің маңызын айрықша атап өтті. 

«Бәйге – бұл тек жарыс емес, бұл – рух, бұл – намыс, бұл – бабалардан қалған аманат» деген жалынды сөздер көпшіліктің рухын көтеріп, жарыстың мәнін терең аша түсті. Шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов, Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ақжүрек Таңатаров, құқық қорғау органдарының өкілдері, ауыл ақсақалдары мен ұлттық спорт жанашырлары қатысты. Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов жарысқа қатысушылар мен көрермендерді Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, ұлттық спорттың ұлт тәрбиесіндегі маңызын ерекше атап өтті.

– Ұлы Жеңіс мерекесі аясында ұйымдастырылған бұл бәйге – ұлт рухын асқақтатып, ата дәстүрді дәріптейтін тағылымды шара. Мемлекет басшысы атап өткендей, ұлттық спорт – ел рухының айнасы. Осындай игі бастамалар жастардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыра түседі. Баршаңызға бейбіт өмір, амандық пен мол береке тілеймін. Тұлпарлар сүрінбей, шабандоздар жеңіс тұғырынан көрінсін, – деді қалабасшысы.

  Сондай-ақ ақ жаулықты аналар мен ауыл ақсақалдары ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, ұлттық мұраны жаңғыртуға бағытталған игі бастамаға ақ баталарын берді. Шеңгелді ауылының қадірлі ақсақалы Нұртаза ата бәйгеге жиналған жұртшылыққа ақ тілегін арнап, жарыстың сәтті өтуіне бата берді.

  Бәйге басталар сәтте ат үстіндегі шабандоздардың шеруі ұйымдастырылып, көрермендер ерекше ықыласпен қарсы алды. Ұлы дала төсін дүбірге бөлеген тұлпарлардың шабысы мен шабандоздардың шеберлігі көпшіліктің делебесін қоздырды. Жүргізушілер қазақ халқының жылқыны алғаш қолға үйреткен халық екенін мақтанышпен айтып, Ботай мәдениетінен бастау алатын ұлттық мұраның маңызын айшықтады.

Жарыс Тай бәйге, Құнан бәйге және Аламан бәйге болып үш санатта өтті. Әр кезең тартысқа толы болды. Кейбір тұлпарлар жарыс барысында жарақат алып, мәреге жете алмай қалғанымен, дода соңына дейін қызықты жалғасты.

Аламан бәйгеде бас жүлдені «Дос» тұлпарын тізгіндеген шабандоз Әлімжан жеңіп алды. Оның айтуынша, жарыс оңай болмаған.

– Старттан бастап елуге жуық аттың ортасында келдім. Мәреге шамамен бес жүз метр қалғанда тұлпардың қарқынын үдеттім. Соның нәтижесінде бірінші болып жеттік, – деді жеңімпаз шабандоз.

Турнир барысында «Көрермен көзайымы» арнайы номинациясы да табысталды. Қарасай ауданының Абай ауылынан келген жеті жастағы шабандоз қыз Раяна Құнан бәйгеде ерекше батылдығымен көрермендердің ықыласына бөленді. Жарыс кезінде атқа ие бола алмай қалғандықтан, оның әкесі бәйге үстінде басқа шабандоз мінгізуге мәжбүр болған. Осыған байланысты төрешілер алқасы жүлделі орын бермегенімен, көрермен қауым жас шабандозды ерекше қолдап, зор қошемет көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдармен, грамоталармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды. Жалпы жүлде қоры 10 миллион теңгені құрады.

Тай бәйге жеңімпаздары:

І орын — Дәулет шабандоз тізгіндеген «Маршал» тұлпары (Шеңгелді ауылы)

ІІ орын — Рамазан мінген «Ботакөз» (Іле ауданы)

ІІІ орын — Рамазан шабандоздың «Желжүрек» тұлпары (Қонаев қаласы)

Құнан бәйге жеңімпаздары:

І орын — Әділжан шабандоздың «Айғазы» тұлпары (Ұзынағаш)

ІІ орын — Хамза мінген «Хан жүрек»

ІІІ орын — Нұрғанат шабандоздың «Адият» тұлпары (Ұзынағаш)

Аламан бәйге жеңімпаздары:

І орын — Әлімжан мінген «Дос» тұлпары (Беріктас)

ІІ орын — Сұлтан шабандоздың «Ерке торы» тұлпары (Ұзынағаш)

ІІІ орын — Жантөре мінген «Көкбайрақ»

Сонымен қатар Тай және Құнан бәйгелерінде 4,5,6,7 орын алған шабандоздар да арнайы марапаттарға ие болды. Бұл ұлттық спортқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және бәсекенің жоғары деңгейде өткенін көрсетті.

Күн соңында ұйымдастырушылар жарысқа қатысқан барлық шабандоздар мен қонақтарға алғыс білдіріп, бәйгенің басты мақсаты тек жеңімпаз анықтау емес, ұлттық рухты көтеру, салт-дәстүрді дәріптеу және жас ұрпаққа өнеге көрсету екенін атап өтті.

Шынында да, «Сәйгүлік–2026» — жай ғана жарыс емес, бұл қазақ халқының рухын, тарихын, мәдениетін ұлықтаған тағылымды мереке болды. Ат тұяғының дүбірі мен шабандоздардың айбыны көпшіліктің жадында ұзақ сақталары анық.

Аян Қонаров

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke