Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай облыс орталығындағы «Ардагерлер саябағында» орналасқан Даңқ мемориалы жанында тағылымы терең еске алу жиыны өтті. Ел тыныштығы мен жарқын болашақ үшін жанын қиған боздақтарды ұлықтауға арналған шараның басты мақсаты – Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің ерлігін дәріптеу, тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету және жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рух пен тарихи сананы сіңіру болды. Жиын барысында майдан даласында қаза тауып, туған жерге оралмаған боздақтар рухына тағзым етіліп, бір минут үнсіздік жарияланды. Осыдан кейін сөз алған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Жеңіс күні – ел тарихындағы ең қастерлі мерекелердің бірі екенін атап өтті. Ол сұрапыл соғысқа қатысып, бүгінде ортамызда жүрген санаулы ардагерлерге құрмет көрсету – баршаға ортақ қасиетті міндет екенін айтты. Облыс әкімінің мәліметінше, соғыс жылдары Қазақстаннан 1 миллион 366 мыңнан астам азамат майданға аттанған. Оның ішінде 120 мыңнан аса жауынгер Алматы өңірінен болған. Өкінішке қарай, олардың мыңдағаны туған жерге қайта оралмады. Майданда асқан ерлік көрсеткен Алматы өңірінің 40 жауынгеріне Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Бұл – қазақ халқының Отан үшін от кешіп, ерлік пен батырлықтың теңдессіз үлгісін танытқанын айқын көрсетеді. Сонымен қатар аймақ басшысы ардагерлерге мемлекет тарапынан тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келе жатқанын жеткізді. Биылғы мерекеге орай Алматы облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан төрт ардагерге 5 миллион теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек берілген.Шара барысында тыл еңбеккерлерінің де ерен еңбегі ерекше аталып өтті. Соғыс жылдарында олар күндіз-түні еңбек етіп, майданды азық-түлікпен, киім-кешекпен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Ауыр еңбек пен зор жауапкершілікті арқалаған тыл ардагерлерінің жанқиярлығы Жеңісті жақындатқан маңызды күштердің бірі болды. Қазіргі таңда облыста 2 038 тыл ардагері өмір сүріп жатыр. Олардың әрқайсының тағдыр жолы – кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге. Ел үшін атқарған адал еңбегі мен төзімі халық жадында мәңгі сақталмақ.
Рәсім соңында облыс әкімі, облыстық мәслихат төрағасы, ардагерлер ұйымының өкілдері, Қонаев қаласының әкімі, құқық қорғау органдары мен әскери бөлім басшылары, депутаттар, тыл және еңбек ардагерлері, Ауған соғысының ардагерлері, облыс пен қала тұрғындары Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, боздақтар рухына тағзым жасады. Мерекелік іс-шара бұдан әрі Бердібек Соқпақбаев атындағы орталық саябақта жалғасын тапты. Мұнда әскери-патриоттық әндер орындалып, мәдениет және өнер ұжымдарының концерттік бағдарламалары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен бірге жастардың қатысуымен патриоттық акциялар ұйымдастырылып, мерекенің мазмұнын тереңдете түсті. Сондай-ақ қала әкімі тыл еңбеккерлерінің шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді. Бұл – ардагерлерге деген құрмет пен қамқорлықтың айқын көрінісі болды.
Шолпан Аралқызы

