Бруцеллезден сақ болыңыз!

Бруцеллез — адамға көбіне ауыл шаруашылығы жануарларынан жұғатын жұқпалы ауру. Бұл ауру зооноздық инфекциялар қатарына жатады, яғни оның негізгі көзі — мал. Адамнан адамға бруцеллез жұқпайды.

Аурудың қоздырғышы — Brucella тұқымдасына жататын бактериялар. Бруцеллалардың бірнеше түрі бар. Олар ірі қара малда, қой мен ешкіде, шошқада, түйеде, сондай-ақ иттерде кездесуі мүмкін. Адам үшін инфекцияның негізгі көзі — қой, ешкі, сиыр және шошқа.

Бруцеллез адамға бірнеше жолмен жұғады. Ең алдымен, ауру малмен тікелей байланыста болған кезде жұқтыру қаупі жоғары. Сонымен қатар инфекция жануарлардан алынатын шикізат арқылы да таралуы мүмкін. Оларға жүн, түбіт, тері, ет және сүт өнімдері жатады. Мал күтіміне арналған құралдар, ауру малдың бөлінділері мен бруцелламен ластанған заттар да қауіпті болуы мүмкін.

Адам бруцеллезді көбіне дұрыс термиялық өңдеуден өтпеген ет пен сүт өнімдерін тұтыну арқылы жұқтырады. Әсіресе үй жағдайында дайындалған, пастерленбеген сүт өнімдерін пайдалану қауіп төндіреді. Сондай-ақ инфекция ауа арқылы, яғни мал қорасында, жүн немесе тері өңдеу кезінде шаң-тозаң арқылы жұғуы мүмкін.

Аурудың жасырын кезеңі әдетте 1 аптадан 2 айға дейін созылады. Бруцеллез көбіне дене қызуының 39-40 градусқа дейін көтерілуінен басталады. Қызба көбіне кешкі және түнгі уақытта күшейеді.

Бруцеллездің алғашқы белгілері тұмауға ұқсас болады. Адамда дене қызуы көтеріледі, арқа ауырып, буын-буын сырқырайды, әлсіздік пайда болады. Тәбет төмендеп, салмақ азаюы мүмкін. Сонымен бірге бас ауруы, түнгі тершеңдік, іштің ауыруы және жөтел байқалуы ықтимал.

Бұл ауру уақытында анықталып, емделмесе, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Бруцеллез жүректің ішкі қабығы мен қақпақшаларын зақымдап, эндокардитке себеп болуы ықтимал. Бұл — аурудың ең қауіпті асқынуларының бірі. Сонымен қатар орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, менингит, энцефалит, бауыр абсцессі, көкбауырдың қабынуы, артрит, созылмалы шаршау және қайталамалы қызба сияқты асқынулар кездеседі.

Жүктілік кезінде бруцеллезбен ауыру түсік тастауға немесе ұрықтың дамуындағы түрлі ақауларға себеп болуы мүмкін. Сондықтан жүкті әйелдерге мал өнімдерін тұтынғанда және ауыл шаруашылығы жануарларымен байланыста болғанда ерекше сақтық қажет.

Бруцеллез қоздырғышы сыртқы ортада ұзақ сақтала алады. Мысалы, тоңазытқышта сақталған шикі сүтте қоздырғыш 10 күнге дейін, сары майда 4 аптадан астам, үй ірімшігінде 3 аптаға дейін, тұзды ірімшікте 45 күнге дейін сақталуы мүмкін. Айран мен қаймақта 8-15 күнге дейін, қымыз бен етте 12 күнге дейін өміршеңдігін жоғалтпайды. Ал ауру малдың ішкі ағзаларында, сүйегінде, бұлшық етінде және лимфа түйіндерінде бір айдан астам уақыт сақталуы ықтимал. Қой жүнінде бруцеллалар 1,5 айдан 4 айға дейін сақталады.

Есте сақтайтын маңызды жайт: мұздатылған ет және сүт өнімдерінде бруцеллалар сақтау мерзімі бойы тіршілігін жоғалтпауы мүмкін. Сондықтан мұндай өнімдерді тек мұқият термиялық өңдеуден кейін ғана пайдалану керек.

Бруцеллездің алдын алуда ең тиімді шаралардың бірі — малды уақтылы вакцинациялау. Әсіресе эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз аймақтарда бұл өте маңызды.

Аурудың алдын алу үшін үй жануарларын ветеринариялық талаптарға сай ектіру қажет. Мал сатып алу, сату, союға өткізу немесе мал өнімдерін өткізу кезінде ветеринариялық қызметті хабардар ету керек. Рұқсат етілмеген сауда орындарынан ет, тартылған ет, шұжық, жартылай фабрикаттар, сүт және сүт өнімдерін сатып алмаған жөн.

Жеке өндірушілерден алынған сүт, сүт өнімдері және жануар текті басқа да өнімдерді міндетті түрде қайнатып немесе толық пісіріп тұтыну қажет. Пастерленбеген сүт өнімдерінен бас тартқан дұрыс. Ал мал шаруашылығында жұмыс істейтін азаматтар міндетті түрде жеке қорғаныш құралдарын, соның ішінде резеңке қолғап қолдануы тиіс.

Бруцеллезді емдеу ұзақ уақытты қажет етеді. Сондықтан аурудың алдын алу — әр адам үшін де, қоғам үшін де маңызды. Денсаулықты сақтау үшін қарапайым сақтық шараларын ұстанған жөн.

Тюлюкпаева Мейрамгуль Ануарбековна,
Алматы бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы теміржол және су көлігіндегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бас маманы

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke