Әрбір баланы жеке тұлға десек, оның өте күрделі, көп аспектілі қыры ол – дарындылық. Бүгінгі дарынды жастар – ертеңгі тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы. Қазіргі таңда қолға алынып жатқан заманауи оқыту мен тәрбие үрдісінің де оқушылардың белсенділігін арттырып, іздемпаздыққа үйретіп, білімді өз бетінше игеріп, онысын күнделікті өмірде қолдана білетін дарын иесін тәрбиелеу болып жатқаны белгілі.
Қонаев қалалық Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектептің мәжіліс залында «Дарындылар шеруі 2026» атты мәресіне жеткен оқу жылының ізденімпаз, жаңашылдыққа жаны құмар, жоғары жетістіктермен дараланатын дарынды да талантты оқушыларын марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты шараны ашқан мектеп директорының міндетін атқарушы Эльмира Утемаева білім бәйгесінде үздік нәтиже көрсеткен талантты шәкірттердің жетістігі үлкен еңбек пен табандылықтың, білімге деген құштарлықтың жемісі екенін атап өтті.
– Сіздер білім бәйгелерінде үздік нәтиже көрсетіп, мектеп абыройын асқақтатып, өзгелерге үлгі болып отырсыздар. Осындай биіктерді бағындыруға бағыт-бағдар беріп жүрген ұстаздар мен әрдайым қолдау көрсеткен ата-аналарға ерекше алғыс айтамын. Алдағы уақытта да талмай ізденіп, білімнің шыңын бағындыра беріңдер. Еліміздің мақтанышы болатын білімді де білікті азамат болып өсулеріңге тілектеспін, – деді Эльмира Шегебайқызы.
Сахна төрінде Эльмира Утемаева мен директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Анаргүл Байгұланова, Фарида Төлепова облыстық, қалалық пәндік және «Алтын сақа», өзге этнос оқушыларына арналған олимпиадаларының, «Зерде», «Дарын» ғылыми жобаларының, «Ақберен», «Мұқағали Мақатаев», «Әбіш Кекілбаев», «МәшҺүр Жүсіп», «Махамбет», «Төлеген Айбергенов», «Абай», «Тұманбай», «Шерхан Мұртаза» оқуларының, «Яссауитану», «Ділмәр шешендік өнер» және экологиялық тақырыптағы шығармалар, фотоколлаж байқауларының жүлдегерлерін марапаттады. Оқушылардың білім бәйгелерінде жүлдеге қол жеткізуі оны әрбір сайысқа дайындап, үнемі қолдау көрсетіп отырған жетекшілерінің арқасы екені даусыз. Сондықтан олардың шәкірттерінің марапатына құтты болсын айта отырып, алдағы уақытта да ізденіске жетелеп, жүлдеге қол жеткізуіне үлес қоса беретініне сенімдіміз.
Мөлдір БЕКМУРЗАЕВА,
Қ. Қайсенов атындағы №4 орта мектеп
директорының әдістеме ісі жөніндегі орынбасары

