Қонаев қаласында Қазақстан Республикасының Бітімгер күні қарсаңында қаза тапқан қазақстандық әскери қызметшілерді еске алуға арналған тағзым рәсімі өтті. Жеңіс саябағындағы Бітімгерлер мемориалы маңында ұйымдастырылған шараға әскери қызметшілер, ардагерлер мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығы ұйымдастырды. Салтанатты жиынға орталық басшылығы, бітімгерлік миссиялардың ардагерлері, соның ішінде Ирактағы миссияға қатысқан әскери қызметшілер де келді, деп хабарлайды Қонаев гарнизонының баспасөз қызметі.
Рәсім жеке құрамның сапқа тұруымен және Мемлекеттік Гимннің орындалуымен басталды. Одан кейін қатысушылар мемориалға гүл шоқтары мен гүлдер қойып, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік жолында әскери борышын соңына дейін адал атқарған сарбаздардың рухына тағзым етті.
Жиында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығының бастығы, полковник Уәлихан Байкенов сөз сөйлеп, қазақстандық бітімгерлердің халықаралық тұрақтылықты нығайтудағы еңбегіне тоқталды. Ол бейбітшілік жолында жанын қиған жауынгерлердің ерлігі ұрпақ жадында сақталуы тиіс екенін айтты.
– Бүгін біз Отан алдындағы әскери борышын абыроймен атқарып, бейбітшілік пен тұрақтылық жолында қызмет еткен ерлерімізді еске алу үшін жиналып отырмыз. Олардың батылдығы мен Отанға деген адалдығы – баршамыз үшін үлкен мақтаныш. Қазақстандық бітімгерлердің жарқын бейнесі әрдайым ерлік пен отансүйгіштіктің символы болып қала береді, – деді полковник.
Шара барысында бітімгерлік миссиялардың ардагерлері де сөз алып, шетелдегі әскери қызмет кезеңіндегі естеліктерімен бөлісті. Олар жауынгерлік бауырластықтың қадірі, қызмет барысындағы жауапкершілік пен қаруластарының ерлігі туралы айтты.
Жиналғандар қаза тапқан бітімгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Бұл шараның мәнін арттыра түсетін тағы бір жайт – жыл сайын 29 мамырда әлемде Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық бітімгерлер күні аталып өтеді. Биыл Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі аталған күнді ресми түрде Қарулы күштердің кәсіби мерекелері қатарына енгізіп, «Қазақстан Республикасының Бітімгер күні» ретінде бекітті.
Шолпан Қараева

