Алматы облысында қасиетті Құрбан айт мерекесі кең көлемде аталып өтті. Таңғы сағат алтыдан бастапоблыстағы барлық мешіттерде айт намазы оқылып, тұрғындар бір-бірін мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін арнады.
Қонаев қаласындағы орталық мешіт маңында да мерекелік көңіл күй ерекше сезілді. Таңертеңнен бастап мешіт ауласына жиналған тұрғындарға арнап дастархан жайылып, бауырсақ, тәттілер мен шұбат ұсынылды. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақыштағы мерекелік шаралар ұйымдастырылды.
Құрбан айт қарсаңында өңірде мерекені ұйымдастыруға қатысты дайындық жұмыстары алдын ала пысықталған болатын. Осыған байланысты өткен баспасөз мәслихатында жауапты мемлекеттік органдар құрбандық шалуға арналған 29 арнайы орын белгіленгенін хабарлаған еді. Сонымен қатар тұрғындарға малды тек арнайы бекітілген орындарда сою, санитариялық талаптарды сақтау және онлайн құрбан шалу мүмкіндіктері жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы іске қосқан qurban.muftyat.kz платформасы арқылы азаматтар құрбандық шалуды онлайн форматта да рәсімдей алды. Бұл мүмкіндік әсіресе арнайы орындарға бара алмайтын тұрғындар үшін қолайлы болды.
Айт намазынан кейін жиналған қауым бір-бірімен құшақтасып, ақжарма тілектерін арнады. Мерекелік шара барысында Қонаев қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы әрі қаланың Құрметті азаматы Амангелді Беспаев ақ батасын беріп, ел амандығы мен жұрт тыныштығын тіледі.
Имамдардың айтуынша, Құрбан айт – адамдарды жақындастырып, қайырымдылық пен өзара қамқорлыққа үндейтін ерекше мереке.
– Әр адам өз мүмкіндігіне қарай құрбандық шалып, етті көршілеріне, туыстарына және мұқтаж жандарға таратады. Бұл – мейірім мен жанашырлықтың көрінісі, – деді наиб-имам Мейрамбек Абдрахманов.
Биыл Қонаевтағы мерекелік шараларға ұлттық сипат ерекше берілді. Орталық мешіт алаңында ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылып, оған жастар да, үлкендер де белсенді қатысты. Асық ату, ләңгі тебу, гір көтеру және армрестлинг секілді сайыстар көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Қала тұрғыны Ерсеит Айназаров мұндай шаралардыңжастар тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.
– Қазір ұмытылып бара жатқан ұлттық ойындар бар. Осындай мерекелерде олардың қайта жаңғырып жатқаны қуантады. Бұл – жас ұрпақ үшін өте маңызды, – деді ол.
Ал гір көтеруден жеңімпаз атанған Ардақ Бекішев мерекенің ерекше атмосферасын атап өтті.
– Барша мұсылман қауымын Құрбан айтпен құттықтаймын. Бүгін гір көтеруден бірінші орын алдым. Өте жақсы көңіл күй сыйлаған ерекше күн болды, – дедіқала тұрғыны.
Мерекелік шараға қатысқан Қонаев қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жақан Ахаев Құрбан айттың қоғамдағы рухани маңызына тоқталды.
– Құрбан айт – халқымыздың берекесі мен бірлігін арттыратын ерекше мейрам. Осындай күндері адамдар бір-біріне жанашырлық танытып, мұқтаж жандарға қолдау көрсетеді. Жастардың ұлттық ойындарға қатысып, үлкендермен бірге мерекені атап өтуі – дәстүр сабақтастығының көрінісі. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін, – деді ақсақал.
Бұл күні мешітке жиналғандардың әрқайсысы Құрбан айтты өзінше қарсы алды. Бірі айт намазына қатысып, бірі ұлттық ойындарды тамашаласа, енді бірі туған-туыстарымен қауышып, мерекелік дастархан басында бас қосты. Алайда барлығын біріктірген ортақ құндылық – татулық, қайырымдылық және өзара құрмет болды.
Шолпан Аралбай

