Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Алматы облысында патриоттық рух пен сүйіспеншілік сезімін оятатын мазмұнды шаралар легі толастаған жоқ. Солардың бірі Қонаев қаласындағы орталық алаңда өтті. Шара барысында арнайы тікұшақ Көк Туымызды көк аспанда қалықтатып, жиналған қауымның рухын оятты. Әнұранымыз әуелете шырқалып, Елтаңбаның тәуелсіздігіміздің символы ретіндегі мән-маңызы насихатталды. Мемлекеттік қызметкерлер ант қабылдап, облыстың даму жолында аянбай еңбек еткен жандар марапатталды.
Салтанатты жиында Мемлекеттік Тудың әуеде қалықтаған әсерлі сәті ерекше есте қалды. Қонаев аспанында желбіреген Көк байрағымыз тәуелсіз елдің асқақ болмысын, береке-бірлігі мен жарқын болашаққа деген сенімін айқын көрсетті. Жиналған қауымның бойында мақтаныш сезімін оятып, Мемлекеттік рәміздерге деген құрметін одан әрі арттыра түсті.
Шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады.
«1992 жылы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы ресми түрде бекітіліп, шежіреміздің жаңа парағы ашылды. Шәкен Ниязбековтің айбынды Көк Туы мен Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың бірегей Елтаңбасы, кейіннен Шәмші Қалдаяқовтың әуезді әнімен толыққан Әнұранымыз ұлттық болмысымыз бен азаттық рухымыздың мәңгілік символына айналды.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары, мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді», – деп рәміздердің маңыздылығына ерекше тоқталған болатын.
Биылғы мерекенің біз үшін маңызы тіптен ерекше, себебі еліміз жалпыхалықтық референдумда қабылдаған Жаңа Конституцияның қағидаттарына сүйене отырып, дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Жаңарған Ата Заңымыз – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы мемлекетіміздің егемендігі мен тұтастығының басты кепілі. Осыған орай, «Рәміздер рухы – Конституция күші» жалпыұлттық патриоттық акциясы аясында қоғамда ұлттық рух бекемделіп, Ата Заң мен рәміздерге деген құрмет мәдениеті жаңа деңгейге көтерілуде.
Мемлекеттік рәміздерімізде бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін құдыретті күш бар. Тәуелсіздігіміздің алтын күмбезі саналатын нышандарымыздың мәртебесі арта берсін», – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ өңір дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматты Мемлекеттік наградамен марапаттады. Солардың бірі – 40 жылға жуық уақыт бойы білім саласында еңбек еткен, Қарасай ауданы Шалқар орта мектебінің директоры Бану Аманова. «Бүгінгі Мемлекеттік рәміздер күнінде «Құрмет» орденімен марапатталу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл менің ғана емес, білім саласына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан барлық әріптестерімнің, барлық ұстаздардың еңбегі деп бағалаймын. Осы қажырлы еңбегімізді елеп-ескеріп жатқан Президентімізге, облыс әкімдігіне, облыстық білім басқармасына алғысым шексіз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын. Көк Туымыз, Әнұранымыз бен Елтаңбамыз Отанымызбен бірге мәңгі жасасын. Еліміздің даңқы асқақтай берсін», – деді марапат иесі.
Шара барысында мемлекеттік қызметтің түрлі бағытында еңбек жолын бастаған мамандар елге адал қызмет етіп, Конституция заңдарын берік сақтауға салтанатты түрде ант берді.
Осылайша, егемендік айшығы болған Мемлекеттік рәміздер күні Алматы облысында мәні терең, көңілге рухани серпіліс сыйлайтын мазмұнды шаралармен жоғары деңгейде аталып өтті.

