Биылғы жазда өңірлік туризм жаңа жобалармен толықпақ. 24–26 шілде аралығында Алматы облысында халықаралық деңгейдегі ірі мәдени-туристік шара — DRIVE FORUM GREAT ORDA 2026 фестивалі өтеді. Бұл жайында Алматы облысы туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Миармбекұлы және жоба жетекшісі Абдуали Абдугали баспасөз мәслихаты барысында айтты.
Фестивальге Қазақстаннан және шет мемлекеттерден келген жүздеген саяхатшы, жол талғамайтын көлік жүргізушілері, оверлендерлер мен автоклуб мүшелері қатысады деп күтілуде. Шараның негізгі мақсаты — Қазақстандағы автотуризмді дамыту және Ұлы Дала өркениетінің мәдени мұрасын заманауи форматта таныту.
DRIVE FORUM GREAT ORDA 2026 дәстүрлі автошаралардан ерекшеленеді. Ұйымдастырушылар бұл фестивальді тек көлік көрмесі емес, толыққанды мәдени-экспедициялық тәжірибе ретінде қалыптастырған.
«Фестиваль концепциясы Ұлы Дала өркениеті мен қазіргі заманғы технологиялық стильді біріктіруге негізделген. Жол талғамайтын көліктер ежелгі көшпенділердің «заманауи темір тұлпары» ретінде символикалық мағынаға ие болады»,-деді облыстық Туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы.
Фестиваль аясында кастомдалған экспедициялық көліктер көрмесі, автоклубтар шеруі, косплей және тақырыптық костюмдер байқауы, туристік маршруттар мен экспедициялық жобалардың таныстырылымы, шеберлік сабақтары өткізіліп, фотоаймақтар және интерактивті алаңдар ұйымдастырылады.
Сонымен қатар келушілерге табиғат аясында мәдени-ойын-сауық бағдарламалары ұсынылады.
«Фестиваль Қазақстандағы автотуризмнің (overlanding) дамуына серпін беруді көздейді. Жоба еліміздің туристік әлеуетін халықаралық деңгейде танытып, жаңа бағыттарды дамытуға ықпал етеді»,-дейді жоба жетекшісі Абдуали Абдугали.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, DRIVE FORUM GREAT ORDA 2026 — бұл тек фестиваль емес, заманауи саяхат мәдениетін қалыптастыратын платформа. Жоба арқылы қатысушылар жаңа форматтағы туризмді тәжірибе жүзінде сезініп, табиғат пен тарихты бір кеңістікте тоғыстырады.

