Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) басшыларымен арнайы кездесу өткізіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Басқосуда қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды тақырыптар көтерілді.
Кездесу барысында өткен жылыту маусымында орын алған кемшіліктер жан-жақты сараланып, оларды алдағы уақытта болдырмау жолдары қарастырылды. Сонымен қатар коммуналдық қызметтердің сапасы, тарифтік саясат, көпқабатты тұрғын үйлерде дезинсекция және дезинфекция жұмыстарын тұрақты жүргізу мәселелері де назардан тыс қалмады.
Қала әкімі тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруі үшін коммуналдық қызметтердің тиімді жұмыс істеуі аса маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда көтерілген барлық мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп, тұрғындардың талап-тілектері назарға алынатын болады.
Жиында «Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Асхат Бердіханов әкімдік пен ПИК ұйымдары өзара тығыз байланыста жұмыс істеген жағдайда ғана қаланың тазалығы мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге болатынын жеткізді.
Әсіресе түнгі уақытта тыныштық сақтау, аулалар мен қоғамдық орындардың тазалығын қадағалау, тұрмыстық қалдықтарды арнайы белгіленген орындарға тастау және ортақ мүлікке ұқыптылықпен қарау мәселелері кеңінен талқыланды. Қала басшысы бұл бағыттағы жұмыстар тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір тұрғынның жауапкершілігі екенін айтты.
«Қаланың тазалығы мен қауіпсіздігі ең алдымен тұрғындардың мәдениеті мен заңға деген құрметінен басталады. Егер әр азамат заң мен тәртіпті сақтап, өз ортасына жауапкершілікпен қараса, қаламыз бұдан да көркейіп, өмір сүруге қолайлы мекенге айналады. Бұл – барлығымызға ортақ міндет», – деді Асхат Бердіханов.
Кездесу барысында ПИК басшылары да өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, тұрғындарды алаңдататын мәселелерді ортаға салды. Тараптар коммуналдық қызметтердің жұмысын жетілдіру, тұрғын үйлердің инфрақұрылымын жақсарту және санитарлық жағдайды тұрақты бақылауда ұстау бойынша бірлескен іс-шараларды жүзеге асыруға уағдаласты.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты бөлімдер мен мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, көтерілген мәселелердің орындалуын бақылауға алу тапсырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға басымдық берілмек.
Шолпан Аралқызы

