Қонаев қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Қауіпсіз жағалау» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіхановтың тапсырмасымен ұйымдастырылған шараның мақсаты – судағы жазатайым оқиғалардың алдын алып, демалыс орындарында қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету.
Іс-шараның алғашқы күні арнайы құрылған жұмыс тобы Алматы демалыс аймағы мен Солтүстік жағалаудағы демалыс орындарын аралап, қауіпсіздік талаптарының сақталуын зерделеді. Мониторингке құқық қорғау органдарының, төтенше жағдайлар қызметінің және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында мамандар құтқару мұнараларының, құтқарушылардың, санитарлық тораптардың, қауіпсіздік белгілерінің, ақпараттық тақтайшалардың және қалқымалы қоршау белгілерінің талапқа сәйкестігіне ерекше назар аударды. Демалыс орындарының басшыларына қауіпсіздік талаптары жан-жақты түсіндіріліп, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою жөнінде нақты ұсынымдар мен нұсқамалар берілді.
«Қауіпсіз жағалау» жедел-профилактикалық іс-шарасы үш күнге жалғасады. Осы уақыт ішінде жұмыс тобы Қонаев қаласындағы демалыс орындарын кезең-кезеңімен аралайды. Мониторинг қорытындысы бойынша ақпарат қосымша жарияланады.


