Алматы облысы, Талғар ауданында еліміздің 15 өңірінен келген үздік спортшылардың басын қосқан жастар арасындағы тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының XXIV чемпионаты басталды.
Бір апта бойы ұлттық зияткерлік ойынның жас шеберлері жекелей біріншілік жүлделері үшін ғана емес, сондай-ақ биыл күзде Түркияда өтетін әлем чемпионатында Қазақстанның намысын қорғайтын жастар құрамасына жолдама алу үшін де бақ сынайды. Барлық қатысушылар өңірлік іріктеу кезеңінен сүрінбей өткендіктен, бұл чемпионат республикалық деңгейдегі маусымның басты жастар додасы саналады.
«Тоғызқұмалақ – халқымыздың баға жетпес ұлттық мұрасы. Бұл – стратегиялық ойлау қабілетін, сабырлылықты және ұлттық дәстүрлерге деген құрметті қалыптастыратын зияткерлік спорт түрі. Осы ұлы ойынның мұрасын сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу бүгінгі жас ұлдар мен қыздардың еншісінде», – деп атап өтілді жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде.
Чемпионаттың жоғары деңгейі мен беделін оның статистикасы да айқын көрсетеді: 85 қатысушының 27-сі – Қазақстан Республикасының спорт шебері, ал 46-сы – спорт шеберлігіне кандидат.
«Алматы облысының чемпионатты қабылдауы кездейсоқ емес. Өңір дәстүрлі түрде Қазақстандағы тоғызқұмалақты дамыту орталықтарының бірі саналады. Мұнда ұлттық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері тұрақты түрде тәрбиеленіп келеді», – деді Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Ришат Асқарбекұлы.
Тоғызқұмалақ – көшпелі өркениеттің ең көне зияткерлік ойындарының бірі. Бүгінде ол Қазақстаннан тыс жерлерде де қарқынды дамып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі мыңдаған зияткерлік спорт жанкүйерлерін біріктіріп келеді.
«2020 жылы тоғызқұмалақ Қазақстан мен Түркияның бірлескен көпұлтты номинациясы аясында ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді. Бұл зияткерлік спорт түрі бүгінде әлемнің ондаған елінде қарқынды дамуда. Азия және әлем чемпионаттары тұрақты түрде өткізіліп келеді, ал қазақстандық спортшылар дәстүрлі түрде жоғары нәтижелер көрсетуде. Әлемдегі жүзден астам зияткерлік ойынды біріктіретін ең ірі халықаралық онлайн-платформаларда тоғызқұмалақ ең танымал ойындардың бірі саналады», – деді Қазақстан ұлттық құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы Дәулет Әбдікәрімов.
Жарыс халықаралық ережелерге сәйкес екі жас санатында өтуде: U-19 (2007–2008 жылы туғандар) және U-21 (2005–2006 жылы туғандар).
Жеңімпаздар үш бағдарлама бойынша анықталады:
- классика – әр ойыншыға 1 сағат және әр жүріске 5 секунд қосылады;
- рапид – 15 минут және әр жүріске 3 секунд;
- блиц – 7 минут және әр жүріске 2 секунд.
Чемпионаттың басты фавориттерінің бірі – Ернұр Батыр. Алматы облысының өкілі 15–17 жас аралығындағы мектеп оқушылары арасындағы алғашқы әлем чемпионатының жеңімпазы, 2025 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері және 2023–2025 жылдардағы Қазақстанның үш дүркін чемпионы. Өз өңірінде өтіп жатқан чемпионат спортшы үшін тағы бір мәрте өзінің жоғары деңгейін дәлелдеп, әлем чемпионатына жолдама алуға зор мүмкіндік.
«Мені тоғызқұмалақпен сегіз жасымда әкем таныстырды. Алғашқы жүрістерді үйретіп, осы ойынға деген сүйіспеншілікті де әкем оятты. Кейін жаттықтырушылардың қол астында дайындалып, жарыстарға қатыса бастадым. Уақыт өте келе өмірімді осы спорт түрімен байланыстырғым келетінін түсіндім. Әрбір жеңіс те, әрбір жеңіліс те мен үшін үлкен тәжірибе болды. Бүгінде Алматы облысының намысын қорғап жүргенімді мақтан тұтамын және әлем чемпионатына қайта қатысу құқығын жеңіп алғым келеді. Барлық қатысушыларға тартысты партиялар, әділ бәсеке және өз күштеріне деген сенім тілеймін», – деді тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының спорт шебері Ернұр Батыр.
Биылғы чемпионаттың тартысы соңғы турларға дейін жалғасады деп күтілуде. Өткен жылы жалпыкомандалық есепте Павлодар облысы жеңімпаз атанса, Түркістан облысы екінші орынға ие болды, ал Алматы облысының құрамасы үздік үштікті түйіндеді. Биыл мамандар нақты фаворитті атауға асығар емес. Себебі әр өңір мықты құраммен келіп, қатысушылардың дайындық деңгейі жүлделер үшін күресті барынша тартысты әрі болжап болмайтын деңгейге жеткізіп отыр.
Қазақстанның жаңа чемпиондарының есімдері 30 шілде күні финалдық партиялар аяқталғаннан кейін белгілі болады.
Чемпионат Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің, Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының және Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясының қолдауымен өтуде.


